Литва Ресейге қарсы санкцияны күшейтіп, Украинаның қорғанысын нығайтуды қолдайды. Вильнюс бейбіт келісімнің шарттарын Украина өзі айқындауы керек деп есептейді. Ал Қазақстанмен байланысты дамытуда Литва сауда мен инвестицияны арттыруға, көлік-логистика, энергетика және IT салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Бұл ретте Орта дәліз бен Клайпеда порты екі елге қандай мүмкіндік ашады? Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына Литва қалай қарайды және Вильнюстің АҚШ-пен одақтастығы аймақтағы ахуалға қалай әсер етеді? Литва сыртқы істер министрінің орынбасары Криступас Вайтекунас Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында осы және өзге де сауалдарға кеңінен жауап берді.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС: АҚШ ПЕН ЛИТВА ҰСТАНЫМЫ ҚАБЫСА МА?
– Дәл қазір әлемде қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелердің бірі – Дональд Трамптың Украинада президент сайлауын өткізу қажеттігі жөніндегі мәлімдемесі. АҚШ-пен одақтас елдің саясаткері ретінде Трамптың бұл ұстанымына көзқарасыңыз қандай?
– Сайлау өткізу – демократиялық мемлекеттер үшін қалыпты әрі табиғи процесс. Украинадағы соғыс жағдайын ескерсек, елдің қазір өте қиын кезеңді бастан кешіп жатқаны түсінікті. Сондықтан Украина мүмкін болған кезде тезірек сайлау өткізеді деп сенемін.
Соғыс тоқтаған бойда Украинада қалыпты демократиялық үдеріс қайта жалғасады деп ойлаймыз. Сонда украин халқы өздері ел президенті қызметіне ең лайықты деп санайтын көшбасшыны сайлауға мүмкіндік алады.
Ал Америкаға келетін болсақ, біз оны басты одақтастарымыздың бірі деп білеміз және оған сенім артамыз. Америка – қауіпсіздігіміздің негізгі кепілдіктерінің бірі. Біз АҚШ-пен арадағы экономикалық, дипломатиялық, мәдени және басқа да байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Әрине, Литваның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін америкалық сарбаздардың елімізде орналасқанына да өте қуаныштымыз.
– Литва қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-қа үлкен үміт артып отыр. Алайда Трамптың соңғы мәлімдемелері елдің сыртқы саяси ұстанымына өзгеріс әкелуі мүмкін бе?
– Біз Америкамен үнемі диалог жүргізіп, тұрақты байланыста боламыз. Екі ел бір-бірімен пікір алмасып, өзара ұстанымдарын ескеріп отырады. Әрине, Украинаны қолдау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Ресейдің Украинаға қарсы еш негізсіз бастаған соғысында біз Украинаны қолдауды жалғастыра береміз.
ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЕУРОПАНЫ АЛАҢДАТПАЙ МА?
– Қазақстан президенті Германияға сапары кезінде бұл соғысқа қатысты ұстанымын білдірді. Еуропа Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп жатқан тұста Қазақстанның Ресеймен әріптестігі мен көпвекторлы саясаты Еуропа елдерімен, соның ішінде Литвамен қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін бе?
– Менің ойымша, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын тоқтатуға бағытталған күш-жігерде санкциялар шешуші рөл атқарады. Олар Ресей экономикасына орасан зор қысым жасап отыр. Сондықтан санкциялық қысымды одан әрі күшейту керек деп есептеймін. Ақыр соңында, бұл санкциялар Ресейді не саяси бағытын өзгертуге мәжбүр етеді, не оның экономикасын күйретеді.
– Қазақстан Еуропамен сауда байланысын кеңейту үшін Орта дәлізді дамытып жатыр. Бұл бағытта Литваның, әсіресе Клайпеда портының рөлі қандай болуы мүмкін?
– Менің ойымша, Қазақстан мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға шығатын Орта дәлізді дамыту бастамасы Ресей арқылы өтетін солтүстік бағытқа жақсы балама бола алады. Бұл бағытта Литваның да, Клайпеда портының да өзіндік орны бар деп есептеймін. Ол Литваға да, Қазақстанға да өзара тиімді мүмкіндіктер ұсына алады. Клайпеда – Еуропадағы ең солтүстік порттардың бірі. Ол Литваға ғана емес, жалпы Еуропа аймағына шығатын қақпа іспетті.
Сондықтан бұл бағытты дамытуды жалғастыруымыз керек. Әрине, логистикаға қатысты шешімін табуды қажет ететін мәселелер әлі де бар. Бірақ Қазақстан мен Еуропалық одақтың қолдауы өзара үйлесіп, екі тарап та күш жұмсаса, Орта дәліз Ресей арқылы өтетін солтүстік бағытқа шынайы экономикалық баламаға айнала алады деп ойлаймын.
Литваның логистика саласында мол тәжірибесі мен әлеуеті бар. Сондықтан ол түрлі логистикалық келісімдер мен көлік бағыттарын дамытуға белсенді қатыса алады. Ал Клайпеда порты – Литваның осы бағыттағы ең мықты мүмкіндіктерінің бірі. Бұл – заманауи талаптарға сай дамыған, инфрақұрылымы жақсы қалыптасқан порт.
– Қазақстанға ресми сапарыңыз аясында екі ел арасындағы экономикалық және іскерлік байланысты нығайтуға қатысты қандай нақты ұсыныстарыңыз бар?
– Қазақстан мен Литва дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 35 жыл толуын атап өтеді. Бұл байланыстың маңызды бөлігі іскерлік және экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Екі елдің бірлесіп жұмыс істеуіне, өзара ынтымақтастықты дамытуына зор мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені осы 35 жыл ішінде қарым-қатынасымыз өзара сенім мен құрметке негізделіп қалыптасты.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастыққа негізінен логистикалық компаниялар қызығушылық танытатын. Ал қазір Қазақстанға түрлі саладағы компаниялардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл қызығушылық аясы кеңейіп келеді. Осы сапардан кейін Литваға да осындай іскерлік сапарлар ұйымдастырылады деп үміттенеміз.
Бүгінгі кездесулерге әртүрлі саланың өкілдері қатысып жатыр. Олардың арасында логистикалық компаниялармен қатар, электр жабдықтарын өндіретін кәсіпорындар мен инженерлік компаниялар да бар. Бұл Қазақстанға деген іскерлік қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Литваға да қазақстандық кәсіпкерлерден құралған іскерлік делегация барады деп үміттенемін. Өйткені Литва бизнес өкілдеріне ұсына алатын мүмкіндіктерге бай ел.
– Демек, Қазақстанның Ресеймен тығыз қарым-қатынасы Еуропа елдерінде алаңдаушылық туғызбайды деуге болады ғой?
– Қазақстанның қандай геосаяси жағдайда тұрғанын көріп отырмыз. Бұл ел үшін оңай жағдай емес. Қазақстан – теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет, оның Ресеймен шекарасының ұзындығы 7,5 мың шақырымға жуық. Екі елдің тарихи байланыстары да өте терең. Сондықтан Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстануға тырысып отырғанын түсінеміз.
Қазақстанның Ресеймен де, әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын Қытаймен де тығыз қарым-қатынасы бар. Сонымен қатар Еуропаның Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамытуға деген қызығушылығы жоғары екенін, бұған сұраныс бар екенін де көріп отырмыз.
Менің ойымша, Қазақстан Еуропаның қандай артықшылықтары бар екенін жақсы түсінеді. Бәлкім, Еуропа біз қалағандай жылдам әрекет ете бермейтін шығар. Бірақ Еуропа шешім қабылдап, белгілі бір елге арнайы келетін болса, өзімен бірге белді кәсіпорындар мен бизнесті алып келеді. Мұндай бизнес тұрақты жұмыс істейді, қызметі ашық әрі мөлдір болады. Бұл тұрғыдан алғанда, олардың Ресей мен Қытайдан келетін бизнеске қарағанда белгілі бір артықшылықтары бар.
Қазақстан мұны түсінеді деп ойлаймын. Еуропалық бизнес өкілдерінің осында келуінің себебі де осы. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінде еуропалық компанияларды қаншалықты жылы қабылдайтынын және еуропалық тәжірибеге сұраныстың қаншалықты жоғары екенін көріп отырмыз.
ЛИТВА ҚОРҒАНЫСЫН ҚАЛАЙ АРТТЫРДЫ?
– Украина мен Ресей арасындағы соғыс әлем назарын қауіпсіздік мәселесіне аударды. Бұл соғыс Литваның ұлттық қауіпсіздік саясатына қаншалықты әсер етті?
– 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы Еуропаның Ресейге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Қазір біз Ресейді өзіміздің өмір сүруімізге төнген қауіп ретінде қабылдаймыз. Украинада болып жатқан соғыс – соның айқын көрінісі.
Бірақ бұл соғыстың шын мәнінде тек Украина аумағымен шектелмейтінін көріп отырмыз. Бұл – Еуропаның шығыс қапталындағы бәрімізге қарсы бағытталған соғыс. Осы қауіптің ауқымын түсіне отырып, біз, әрине, қорғаныс саласына инвестиция салып жатырмыз. Литва қорғанысқа жалпы ішкі өнімінің 5 пайызынан астамын жұмсайды. Бұл – НАТО-ға мүше елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондықтан әскери тежеу әлеуетіміз де өте жылдам артып келеді.
Демократиялық дәстүрлері әлдеқайда терең, бұрыннан қалыптасқан Батыс елдері де өз саясатын өзгертіп, қорғанысқа қомақты қаражат бөле бастады. Дегенмен, бір жайтты ерекше атап өткім келеді: дәл қазір қорғаныс пен қауіпсіздікке салынатын ең тиімді инвестиция – Украинаны қолдау. Бұл дегеніміз – оның әскери күш-жігеріне көмектесу, гуманитарлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және тәуелсіз елге қарсы Ресей бастаған, еш негізсіз жасалған агрессияға төтеп беруіне жәрдемдесу. Өйткені Украина Ресейден өзгеше даму жолын таңдады.
– Литва Ресей агрессиясын тоқтатуға қауқарлы күшті көріп тұр ма? Бейбітшілікке қол жеткізудің нақты жолы қандай деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, бұл соғыс Украинаның шарттарымен аяқталады деп сенеміз. Соғысты қандай шарттармен тоқтату керектігін Украина мен украин халқының өзі шешуі тиіс. Өйткені майдандағы жағдайға келсек, Украина Ресейге қарағанда табыстырақ әрекет етіп жатыр.
Ресейдің агрессиясын тоқтату үшін, әрине, Украина майданда басымдыққа ие болуы керек. Сонымен қатар Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, олардың ауқымын кеңейту қажет. Мұның мақсаты – Ресейдің соғыс машинасының жұмысын тоқтату, экономикасын әлсірету және оның тәуелсіз мемлекеттерге деген көзқарасын өзгертуге мәжбүрлеу.
ПУТИН МЕН ЗЕЛЕНСКИЙ ЫМЫРАҒА КЕЛЕ АЛА МА?
– Соғысты тоқтату үшін Ресей мен Украина ортақ мәмілеге келуі керек. Алайда Стив Уиткофф бастаған АҚШ делегациясының екі елге сапарынан әзірге нақты келісімге қол жеткізу мүмкін болмағанын көрдік. Сіздің ойыңызша, Путин мен Зеленский өзара ымыраға келе ала ма?
– Қазір бұл соғыс бесінші жылға ұласты. Алайда Ресей тарапынан агрессияны тоқтатуға деген ниеттің ешқандай белгісін көріп отырған жоқпыз. Керісінше, Ресей бейбіт тұрғындарға, азаматтық нысандар мен энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарын күшейтіп жатыр. Әсіресе қыс мезгілінде, күн суытқан кезде, мұндай шабуылдар жиілеп, күшейе түседі. Ресей энергетикалық нысандарды нысанаға алып, Украина қалаларын жарықсыз, жылусыз қалдыруға тырысады.
Біздің ойымызша, мұның бір себебі – Ресейдің майданда көздеген мақсатына жете алмауы. Ресейдің әрекеттеріне қарап, соғысты тоқтатуға ниетті екенін байқай алмай отырмыз. Бұл ел соғысты тоқтатқысы келмейді.
Мұндай жағдайда біздің қолымыздан келетіні – Украинаны қолдау, оған әскери және гуманитарлық көмек көрсету, осы агрессияға қарсы тұруына жәрдемдесу.
Егер Ресей тарапынан соғысты тоқтатуға деген қандай да бір нақты белгілер байқалса, онда жағдайға басқаша қарауға болар еді. Өкінішке қарай, әзірге ондай белгілер жоқ.
– Тамызда Украинаға барып, Киев пен Бучадағы жағдайды көзбен көріп, деректі фильм түсірдік. Соғыстан қарапайым халық, бейкүнә балалар зардап шегіп жатыр. Еуропа елдері Украинаға қолдау білдіргенімен, ұстанымдары әркелкі. Еуропа жұдырықтай жұмылып, Украинаға соңына дейін көмектесуге дайын ба?
– Ресейліктер алып кеткен және әлі күнге дейін отанына оралмаған украиналық балаларды қайтару үшін бірқатар елдің басын қосқан ауқымды коалиция жұмыс істеп жатыр. Литва да осы бастамаға қатысушылардың бірі. Біз бұл бағытта белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Ресейден 40-тан астам баланы Украинаға қайтаруға көмектестік. Бұл – өте маңызды жұмыс және ол алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын.
Балаларды отанына қайтару тәсілдері әртүрлі. Кейбір елдер дипломатиялық арналар арқылы жұмыс істесе, енді біреулері басқа жолдарды қолданады.
Ал соғысты қалай тоқтатуға болады деген сұрағыңызға келсек, жауабы өте қарапайым: Ресей соғысты тоқтатып, өз аумағына қайтуы керек. Сонда соғыстан әбден шаршаған адамдар бейбіт өмірге қол жеткізеді.
ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕ НЕГЕ ОРТАҚ ҰСТАНЫМ ЖОҚ?
– Ал Еуропа елдерінің Украинаны қолдауға қатысты ұстанымында бірізділіктің жоқтығы жайлы не айтар едіңіз?
– Әрине, Еуропалық одақ – демократиялық бірлестік. Сондықтан соғысқа қатысты әртүрлі пікірлер болуы мүмкін. Дегенмен, әзірге ортақ ұстаным айқын: соғыс тоқтатылуы керек. Украинадағы соғыс Украина жерінде тоқтап, оны аяқтаудың шарттарын Украина тарапының өзі айқындауы тиіс.
– Литваға НАТО-ның беретін қауіпсіздігі жеткіліксіз бе? Украина НАТО-ға кіруге әрекеттенді, бұған Ресей қарсы. Жалпы, Нато-ға Украинананың кіру ықтималдығын қалай бағалар едіңіз?
– Литва үшін НАТО аясындағы қауіпсіздік кепілдіктері жеткілікті ме? Ал Украинаның бұл ұйымға мүше болу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Әрине, НАТО – Литва қауіпсіздігінің басты кепілі. Біз әр мемлекеттің өз даму жолын таңдауға құқығы бар деп есептейміз. Украина да – сол елдердің бірі. Литва Украинаның Еуропаға және НАТО-ға интеграциялануын, сондай-ақ Батыс елдерінің бір бөлігіне айналуын белсенді қолдайды.
ҚАЗАҚСТАН-ЛИТВА ӘРІПТЕСТІГІ ҚАЛАЙ ӨРБИДІ?
– Қазіргі геосаяси жағдайда Литва Қазақстанмен саяси диалогты қалай өрбітуді көздейді?
– Мен басында айтқанымдай, саяси диалогтың маңызы зор. Келесі жылы Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде екі елдің байланысы достыққа, өзара құрмет пен сенімге, экономикалық ынтымақтастыққа негізделіп келеді. Алдағы уақытта мәдениет пен туризм салаларындағы қарым-қатынасты да дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймын. Географиялық тұрғыдан екі ел бір-бірінен алыс орналасқанына қарамастан, экономиканы ғана емес, басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге әлеуетіміз зор.
– Еуропа елдерінің Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Әр мемлекеттің өз алары мен берері бар. Литва Қазақстанмен ынтымақтастықтан не күтеді?
– Менің ойымша, экономикалық ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстар әрдайым екі тарапқа да тиімді. Қазірдің өзінде Қазақстанда Литва инвестициялары бар. Мысалы, логистика саласында литвалық компаниялар үшін Қазақстан – Азияға шығатын қақпа.
Қазақстан нарығы литвалық инженерлік компаниялар, энергетика саласындағы кәсіпорындар, сондай-ақ IT және қаржы технологиялары бағытында жұмыс істейтін компаниялар үшін үлкен мүмкіндік ұсынады.
Жалпы, екі ел арасындағы кез келген экономикалық ынтымақтастық өзара тиімді. Біз Қазақстанда литвалық инвестициялардың болғанын қалаймыз, ал Литвада қазақстандық инвестициялардың артқанын көргіміз келеді. Қазірдің өзінде бұл бағыт дамып келеді. Дегенмен, екіжақты байланысты одан әрі кеңейтуге болады: инвестиция көлемін де, ынтымақтастық қарқынын да арттыруға мүмкіндік бар.
Бұған дейін біздің экономикалық қарым-қатынасымыз негізінен логистика мен көлік саласына сүйеніп келді. Ал қазір ынтымақтастықтың басқа салаларға да таралып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланыстарымызды одан әрі дамытуға әлеуетіміз зор деп есептеймін. Екі ел арасындағы өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты бизнес өкілдері де бағалайды әрі одан пайда көре алады. Ал екі елдің кәсіпкерлері ұтса, одан мемлекеттеріміз де ұтады.
АСТАНА КИЕВ ПЕН МӘСКЕУДІ БІТІМГЕ КЕЛТІРЕ АЛА МА?
– Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді Астанада өткізуді ұсынды. Бұл бастамаға қалай қарайсыз?
– Менің ойымша, бейбітшілікке бағытталған кез келген бастама құптарлық. Кез келген соғыс ерте ме, кеш пе аяқталады. Өкінішке қарай, қазір Ресейдің өз ұстанымын өзгертіп, соғысты тоқтатуға ниетті екенін көрсететін ешқандай белгіні байқап отырған жоқпыз. Керісінше, Ресей соғысты одан әрі өршітіп, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына шабуылдарын күшейтіп жатыр.
Сондықтан әзірге бұл мәселе бойынша нақты бірдеңе айту қиын. Дегенмен, біз табандылық танытып, сабыр сақтап, өз жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Біздің жағдайымызда бұл – Украинаны қолдау, оның қорғаныс қабілеті мен төзімділігін нығайтуға көмектесу және Украинаның осы соғыста жеңіске жететініне үміт арту.
– 9 қазанда Литва Ресей астығын Еуропаға транзитпен жеткізуге қарсы шықты. Еуропа бір жағынан Ресейге санкция салып, екінші жағынан оның өнімін қабылдауын қалай түсіндіруге болады? Ресеймен экономикалық байланыстарды толық үзуге не кедергі?
– Санкцияларды енгізу – кезең-кезеңімен жүзеге асатын үдеріс. Бұл біртіндеп, нақты қадамдар арқылы іске асады. Әрине, санкцияларды айналып өту қаупі әрдайым бар. Сондықтан санкциялық режимді үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет.Түптің түбінде Ресеймен экономикалық байланыстарымызды барынша шектейтін деңгейге қарай бет алып келеміз.
ЛИТВАНЫҢ НЕГІЗГІ НАЗАРЫ НЕДЕ?
– Дәл қазір Литва үшін қай бағыт басым: ұлттық қауіпсіздік пе, әлде экономикалық және дипломатиялық байланыстарды дамыту ма?
– Менің ойымша, қауіпсіздік, экономика және дипломатиялық қарым-қатынастарды қатар, біртіндеп дамытуға болады. Бұл бағыттар бір-біріне қайшы келеді деп ойламаймын. Керісінше, үшеуінде де нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл жай ғана теория емес, тәжірибе жүзінде де дәлелденіп отыр. Мысалы, Литва Еуропалық одақтағы экономикасы ең жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі болып қала береді. Экономикалық өсіміміз шамамен 3 пайызды құрайды. Еуропа жағдайында бұл – жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар біз қорғаныс саласына инвестиция салып, Еуропадағы стратегиялық серіктестерімізбен және АҚШ-пен байланысты нығайту арқылы еліміздің қауіпсіздігін арттырып келеміз.
Әрине, біз Еуропалық одақтың да, Литваның да Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту бағытын толық қолдаймыз. Өйткені бұл – ауқымды аймақ, Қазақстан – үлкен мемлекет, мүмкіндіктері мол ел. Бізді осы өңірде жылы қабылдап, ынтымақтастыққа зор қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз.
– Литва АҚШ-қа қаншалықты сенеді?
– Біз Америка Құрама Штаттарына толық сенім артамыз. АҚШ – біздің басты серіктесіміз. Біз онымен қазір де, болашақта да ынтымақтастықты жалғастыра береміз.
– Сыртқы саясат пен дипломатияда өзге мемлекетке сенім арту қаншалықты маңызды? Әлде ел ең алдымен өз күшіне сүйенуі керек пе? Осы тұрғыда Қазақстанға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бұл өте философиялық сұрақ, солай емес пе? Менің ойымша, дипломатия дегеніміз – ең алдымен, диалог. Қазақстанмен осындай диалог орнатып отырғанымызға қуаныштымыз. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейткіміз келеді. Бұл тек бизнес саласымен шектелмей, басқа бағыттарды да қамтыса дейміз.
Ал Қазақстанға ақыл айтқым келмейді. Өйткені Қазақстан өз жолын жақсы біледі, айналасындағы түрлі қайшылықтар мен күрделі жағдайлардың арасында тепе-теңдікті қалай сақтау керектігін де түсінеді деп ойлаймын. Менің бар тілегім – Еуропа мен Қазақстанның, соның ішінде Литва мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығайып, ынтымақтастығымыз кеңейе түссе екен.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia You-Tube арнасынан көріңіздер.