Әлемдік нарықта мұнай бағасы сәл төмендеді. Бұған Тегеранда Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу жолдарын талқылаған бірнеше ел өкілдерінің кездесуі әсер етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Танкерлерге жасалған шабуылдар бағаның төмендеуіне кедергі келтіріп отыр
27 қазан күні таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы 66 цент немесе 0,57% арзандап, баррелі 115,15 долларға түсті. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 44 цент төмендеп, баррелі 101,32 доллар болды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Бір күн бұрын Тегеранға Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан өкілдері барған. Олар Иранның ресми тұлғаларымен кездесіп, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының одан әрі ушығуына жол бермеу мәселесін талқылады.
Сауд Арабиясы келіссөздердің мақсаты әскери шиеленістің қайта өршуіне жол бермеуге көмектесетін ашық байланыс арналарын құру екенін түсіндірді.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, кездесу қатысушылары бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауды жалғастыруға келіскен.
Мұнай нарығы үшін бұл үміт ұялататын белгі. Шиеленіс бәсеңдесе, шикізат жеткізілімінің үзілу қаупі де азаяды. Бағаның сәл төмендеуіне осы жағдай әсер етті.
Нарықтағы алаңдаушылық сейілген жоқ
Алайда қақтығыстың жақын арада аяқталуы екіталай. Иранмен байланысы бар Йемен хуситтері Сауд Арабиясының мұнай нысандарына тағы да шабуыл жасады. Бұл келіссөздер нәтижесінің жүзеге асуына қатысты күмәнді күшейтіп отыр.
Ормуз бұғазындағы жағдай да алаңдатады. Сарапшылардың мәліметінше, 2017 жылдан бері жүргізілген бақылау тарихында биыл қазан айында осы аймақта сауда кемелеріне жасалған шабуылдар саны рекордтық деңгейге жеткен.
Соғыс басталғанға дейін, ақпан айында, әлемдегі энергия ресурстарының шамамен бестен бірі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын. Енді танкерлерге жасалған кез келген шабуыл мұнай жеткізіліміне кедергі келтіруі мүмкін.
Алдыңғы аптада Иранның кемелерге жасаған бірқатар шабуылынан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 117 доллардан асып, сәуірден бергі ең жоғары деңгейге жетті. Дүйсенбі күні де баға осы межеге қайта көтерілді.
Ал Ресейде дизель отынын өндіру көлемі артып келеді. Мұнай өңдеу зауыттары АҚШ-пен жасалған келісім аясында билік экспорттық квоталар бергеннен кейін өнім шығаруды ұлғайтып жатыр.