Заң алдында бәрі тең емес: "ӨКМ Операторы" ісі бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтты

Ғалиасқар Думан

Экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі "ӨКМ Операторы" ЖШС-ге қатысты атышулы сот процесі өз шарықтау шегіне жетті. Бейсенбіде сотталушылар соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сотталушылардың бірі – бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов сотта сөйлеген сөзінде утилизациялық алым ісінде қатысушылардың ауқымы едәуір кең екендігіне тағы да назар аударды. Бір кездері кәдеге жарату алымын енгізу туралы бұйрықтарға қол қойғандардың қатарында вице-министр қызметін атқарған  Мағзұм Мырзағалиев те болды. Естеріңізге сала кетейік, қазір ол "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын басқарады.

"Еліміздің заңнамасына сәйкес заң алдында бәрі тең. Бірақ менің жағдайымда, өкінішке қарай, олай емес. Ғани Сәдібеков пен Сәбит Нұрлыбай (бұрынғы экология вице-министрлері – авт.) инвестициялық саясатты заңды түрде мақұлдаған, бірақ қандай да бір себептермен үш жылдан кейін олардың мақұлдауына мен кінәлі болып шықтым. Кабельдік-өткізгіш өнімдерге кәдеге жарату алымын енгізу туралы бұйрыққа Мағзұм Мырзағалиевтің, Қожаниязовтың (бұрынғы экология вице-министрі) қол қоюына болады, олардың кезеңінде "ӨКМ Операторы" ЖШС-ке кәдеге жарату төлемдері келіп түседі, ал менің бұйрығыма қандай да бір себептермен күмән туады", - деді Пірімқұлв соңғы сөзінде.

Ол сондай-ақ тергеушілердің бұрынғы экология министрі Серікқали Брекешевке ешқандай сұрақ қоймағанына наразы болды.

"Брекешев мен мақұлдаған инвестициялық саясат негізінде Өнеркәсіпті дамыту қорына 160 млрд теңге бөлу туралы бұйрыққа қол қояды, бірақ оған және "Жасыл дамуға" ешқандай сұрақ қойылмайды, тек менен ғана сұралады", - деп атап өтті Пірімқұлов.

Ол соттан оны барлық айыптар бойынша ақтауды сұрады.

"Құрметті сот, Мен ешқашан заңсыз әрекеттер жасаған емеспін, осындай жағдаймен сот алдында жауап беремін деп ойлаған емеспін. 1,5 жыл бойы кінәлі екеніме бірде-бір дәлелсіз қамауда отырмын. Мен отбасындағы жалғыз ұлмын, зейнеткерлік жастағы ата-анам да менің асырауымда, анам ауыр онкологиялық аурумен ауырады. Сондай-ақ, 4 кәмелетке толмаған балам бар. Барлық эпизодтар бойынша мені ақтап, адал атымды қалпына келтіруді сұраймын", - деді бұрынғы вице-министр.

Компанияның бұрынғы бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко жарыссөз барысында өзінің эмоционалды сөзі үшін судьядан кешірім сұрады.

"Менің денсаулық жағдайымды есепке алғанда, прокурор сұраған 8 жыл – бұл өлім жазасы", - деді ол.

Ол сондай-ақ барлық айыптауларды жоққа шығарды және өз міндеттерін заң аясында орындағанын атап өтті.

"Біз сіздерге министрлікпен бірге әзірленген, олармен келісілген және ешкім ешкімді адастырмағанын растайтын барлық құжаттарды, барлық стратегияларды, барлық саясаттарды қарастыруға ұсындық. Біз осы кезеңде заңды түрде жұмыс істедік. ( ... ) Менің іс-әрекеттерімнің барлық заңдылығы құрылтайшының шешімдерімен расталады. Сіздің қолыңызда құрылтайшының барлық шешімдері бар. Мен әділ шешімге сенемін", - деді Коротенко.

"ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев сот алдында ақталып тұрғанына ұялатынын жеткізді.

"Біз 1,5 жыл бойы негізсіз отырдық. Мен кінәлі емеспін, бұл рас. Мен ешқайда қашқым келген жоқ, кінәсіздігімді айғақтайтын барлық құжаттар бар. Мені ақтауды сұраймын. Ұят және ауыр. Бұл жерде тұрғаным үшін ұяламын. Ешкімнің алдында кінәлі емеспін, өтірік айтқан жоқпын, заң алдында тазамын. Мен мұнда тұрып, ақталғаныма ұяламын. Әділдікті қалпына келтіріңізші", - деді Құмарғалиев.

Компанияның қаржы директоры Рүстем Темірбек те барлық айыптаулармен келіспеді және соттан оны ақтауды сұрады.

"Мен заң жүзінде бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі бола алмаймын. Менің тарапымнан коммерциялық ұйым қызметінің мүдделерін бұзушылық болған жоқ, мені ақтауды сұраймын", - деді ол сотқа.

Естеріңізге сала кетейік, "ӨКМ Операторы" ісін тергеу өткен жылы басталған болатын. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, Бас директор Светлана Короткенко және қаржы директоры Рустем Темірбек қамауға алынды. Бұрынғы президенттің қызы белгісіз себептермен сотқа тартылған жоқ.

Оларға алты қоқыс шығаратын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру арқылы кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрламақ болды деген айып тағылды.

Тергеушілер "ӨКМ операторының" қызметкерлері артық шығындарды инвестициялық саясат бағдарламасына негізсіз қосқан деп санайды. Оның ішінде, Әлия Назарбаеваның компаниясы осы зауыттарға жұмсауды жоспарлаған 180 млрд теңгенің тағдыры дәл сондай болған. Прокурордың пайымынша, "ӨКМ Операторының" инвестициялық жобаларын "өткізіп жіберген" Пірімқұлов қылмыс жасауға жол ашқан.

Айта кетейік, бұдан бұрын сотталушылар "ӨКМ Операторының" нағыз иесін – Әлия Назарбаеваны жазалауды сұраған.