Қауіп аяқ астында: тауда серуендейтіндер қандай қауіпсіздік шараларын білуі тиіс

Ulysmedia
Фото: Yuriy Seleznev/Alamy Stock Photo

23 сәуір күні «Шымбұлақ» тау курортының Shymbulak Outdoor бөлімі журналистерге, туристерге, гидтерге - жалпы табиғат аясында демалуды ұнататын жандарға арналған «ЖАЗ: Таудағы қауіпсіздік» тақырыбында танымдық іс-шара өткізді.

Мұндай шараның жазғы маусым алдында ұйымдастырылуы бекер емес, өйткені аяқ алысы кеңейіп, жазғы еңбек демалысын алатын жандардың айтулы бөлігі өз демалысын табиғат аясында, оның ішінде таулы жерде өткізгісі келеді. Сондықтан құтқарушылар, гидтер және экологтар тауда демалуды жоспарлағандар үшін қауіпсіздік алгоритмін ойластырып қояды, әйтпесе қате аяқ астында, кімнің қашан қандай жағадайға тап болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. 

ТАУДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ АЗ ЕМЕС

Іс-шарада алғаш болып ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Республикалық жедел-құтқару жасағының Құтқару бөлімінің жетекшісі Вадим Пак сөз алды. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы тауларда тіркелген төтенше жағдайлар санының көңіл көншітпейтінін айтты. Себебі қолда бар деректер бойынша 2020 жылдың басынан 2025 жылғы 15 сәуіріне дейін аталған өңірде 438 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілген. Мұндай операциялар, әдетте, туристер көп жүретін танымал бағыттарда – Үлкен Алматы шатқалы, Аюсай шатқалы, Ассы үстірті, Кіші Алматы шатқалы, Бутаковка және Солтүстік Талғар шатқалдарында жүргізілген.

Төтенше жағдайлардың көбі тауда, дәл жаз мезгілінде болады: 2020-2024 жылдары жазда осындай 206 оқиға тіркелген, ал көктемде – 75, күзде – 74, қыста – 58. ТЖ саны үнемі өсуде: мысалы, 2020 жылы 61 оқиға болса, 2024 жылы – 112 оқиға. Құтқарылған адамдардың саны да артып келеді: 2020 жылы құтқарушылар 81 адамға көмек көрсетсе, 2024 жылы 194 туристке көмектескен. Биыл жыл басынан бері 25 оқиға тіркеліп, 19 адам құтқарылды.

Құтқарылған адамдар саны ерекше назар аудартады: 2020 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін құтқарушылар тауда 619 адамға көмек көрсетіп, аман алып қалған. Олардың ішінде кәмелетке толмағандар да бар. 2023 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін тауда құтқарылған 392 адамның 100-і – бала. Өкінішке қарай, кейде объективті себептерге байланысты зардап шеккендерді құтқару мүмкін болмайды. 2020-2024 жылдары 16 адамның ажалы тауда болған.

ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ ТАКСИ РЕТІНДЕ КӨРЕТІНДЕР БАР

Shymbulak Outdoor резиденті, «Шымбұлақ» тау курортының құтқарушысы және Алматы қаласы Құтқару қызметінің (109) кезекші ауысым жетекшісі Юрий Сергеев адамдарды құтқару тәжірибесімен бөлісті. Юрийдің айтуынша, құтқарушылардың көмегі көбіне туристер маршрутты жүріп өту уақытын дұрыс бағамдай алмай, қараңғы түсіп, адасып қалған кезде немесе бағыттан ауытқып, барар-қайтар жолын таба алмай қалғанда не болмаса саяхатшы жарақат алған кезде қажет болады. Мұндай жағдайларға тап болмау үшін маршрутты алдын ала жоспарлау, соқпақтан шықпау және міндетті түрде жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды ескерту керек. Көбіне туристер ешкімге айтпай, дерегін қалдырмай, сапарға шығып кетеді. Сондықтан құтқарушылар бүкіл таулы аумақты сүзіп шығуға мәжбүр болып, дер уақытында көмек көрсете алмауы мүмкін. Сергеев, сондай-ақ, тікұшақ келіп, тез арада құтқарып алады дегенге тым сеніп қалмау қажеттігін де айтты: тікұшақ қараңғыда немесе ауа райы қолайсыз болғанда ұша алмайды, ал жазатайым оқиғалар, әдетте, кешке қарай болады. Құтқарушы туристерді өз өміріне жауапкершілікпен қарауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Сонымен қатар кейде жалған шақыртулар да болатынын, яғни адамға шын мәнінде еш қауіп төнбеген кезде де қоңырау шалатындар барын жеткізді. Құтқарушының айтуынша, туристер жағдайды дұрыс бағамдауы керек.

ЖАУ ЖОҚ ДЕМЕ, ЖАР АСТЫНДА

Алматы қаласы Альпинизм федерациясының президенті Артем Скопин жаз мезгілінде тауда кездесетін қауіп-қатер жайында баяндады. Олардың қатарында тастың төменге құлдилауы, көшкін, арынды тау өзендерінің ағысы, беткейлердің тайғақ болуы секілді қауіптер бар. Тіпті, егер турист өте биікке шықса, жазда да қар көшкініне тап болуы мүмкін. Заңғар биіктің де өз қауіп-қатері жоқ емес, қаншалықты жоғары шыққан сайын демалу да соншалықты қиындай түседі. Себебі қысым жоғары болады. Ал мұның салдары ауыр болуы әбден мүмкін. Сондықтан А.Скопин акклиматизация мен заңғар биікке шығып үйренбеген жандарға абай болуға, шама келгенше тым биікке шықпауға кеңес береді. Тауда қараңғы тез түседі, аяқ жолды бағдарлау қиындап, жүру қарқыны бәсеңдейді, адам тез шаршап, денесі тоңазиды.

Тауда қауіп қайдан деуге әсте болмайды. Мысалы, найзағай ойнаған кезде тауда тоқ соғу қаупі әлдеқайда жоғары, сел жүріп, өзендегі су деңгейінің көтерілуіне себеп болады, жауын-шашын мен желден адам тоңып, үсіп қалуы мүмкін, ал күн радиациясының жоғары деңгейі басыңа күн өтуіне және денеңнің күйіп қалуына себеп болады. Алайда бұл кеңестер тауға бармау керек дегенді білдірмейді. Ең бастысы, ауа райы болжамын әртүрлі дереккөздерден қарау және міндетті түрде дұрыс керек-жарақ пен қосымша жылы киім алып шығу қажет.

ТАУДА САҚТАУ КЕРЕК НЕГІЗГІ 5 ЕРЕЖЕ

Shymbulak Outdoor ұйымы басшысының орынбасары, альпинист, тау гиді Махамбет Абдуллаев тауда өзін-өзі ұстаудың 5 негізгі ережесін атап өтті. Олар мыналар:

Ешқашан жалғыз жүрмеу; 

Маршрут бойында қай жерде ұялы байланыс болғанын есте сақтау;

Ең қысқа жол – ол өзің білетін жол. Маршруттан ешқашан шықпау;

Сапар кезінде жағдайыңыз нашарласа; бірден кері қайту;

Жақындарыңызға міндетті түрде баратын бағытыңыз туралы ақпарат қалдыру;

Жоқ дегенде мына жабдықтар сөмкеңізде болуы тиіс:

Треккингке арналған таяқ және аяқ киім;

Арқаға асатын сөмке (рюкзак);

Қабаттап киетін киім; 

Қосымша жылы киім;

Бас киім мен қолғап;

Күннен қорғайтын көзілдірік пен крем;

Жеңіл тамақ пен шай. 

Апатты жағдайға керек жиынтық:

Дәрі салынған қобдиша (аптечка);

Басқа тағатын шам (налобный фонарь);

Құтқару көрпесі;

От тұтататын кремнийлі шақпақ;

Пышақ;

Ысқырық;

Портативті телефон қуаттағыш (powerbank).

ТАУҒА ШЫҒАТЫН ГИДТІ ҚАЛАЙ ДҰРЫС ТАҢДАУ КЕРЕК?

Егер сіз бұрын тауға шықпаған болсаңыз, тауға гидпен немесе жолсерікпен барғаныңыз жөн. Бірақ гидті қалай таңдау керек? Shymbulak Outdoor резиденті, үшінші санатты альпинизм нұсқаушысы және жоғары санатты треккинг гиді Александр Голованов кәсіби гидтің басты белгісі – өзіңізді қауіпсіз сезінуіңіз керек екенін айтады. Оның айтуынша, гид таңдағанда мынадай нәрселерге назар аудару қажет: гид сіздің тәжірибеңізге мән бере ме, қауіпсіздікке қаншалықты көңіл бөледі, топтағы адамдар саны қанша, алдағы жорық туралы қандай мазмұнды ақпарат айта алады және керек-жараққа қатысты кеңес бере ме. 

Голованов кәсіби гидтің 8 белгісін атап өтті: тәжірибе, білім, үнемі дамуға ұмтылу, өзін құрметтеу және өз бағасын білу, өз шекарасын білу және өз мүмкіндігін бағамдау, болған оқиғаны талдай алу қабілеті, сырт келбеті және құрал-жабдықтарының дұрыстығы.

ТАУДАҒЫ КЕНЕЛЕР МЕН УЛЫ ӨСІМДІКТЕР

Қазір тауларда жануарлар мен өсімдіктер оянып жатыр, олардың арасында адамға қауіптілері де кездеседі. Ең алдымен, әрине, кенелер. ҚР Зоология институтының арахнология және басқа омыртқасыздар зертханасының кіші ғылыми қызметкері Леонид Ким кенелер төменнен жоғары өрмелейтінін, әдетте, 1 метрге дейінгі шөп пен бұтада жасырынатынын айтады. Олардың ең белсенді кезеңі – көктем мен жаздың бірінші жартысы, белсенділіктің шырқау шыңы – сәуір-маусым аралығы. Кенелер арқылы адамға көбіне энцефалит пен боррелиоз жұқпалы аурулары тарайды.

Кене шағудан қалай сақтану керек:

Мүмкіндігінше ашық түсті әрі денені толық жауып тұратын киім киіңіз (кенені бірден көруге болады);

Балағыңызды сыртқы жағы жабысқақ лентамен орап қойыңыз;

Репелленттер мен акарицидтер қолданыңыз;

Үстіңізді жиі тексеріп отырыңыз және жаныңыздағы адамға да көмек беріңіз;

Жануарларды сипағанда, жаныңызға жақын тұрғанда абай болыңыз, өйткені кене жануарда да болуы мүмкін.

Егер сізге кене жабысса:

Оны мыжып немесе үстіне ештеңе құймаңыз;

Ауруханаға жылдам жету мүмкіндігі болмаса, кенені жіппен немесе арнайы «кене шығарғышпен» (дәріханаларда сатылады) абайлап суырыңыз;

Шаққан орынды дезинфекциялаңыз;

Кенені банкіге салып, талдауға ауруханаға апарыңыз;

Кене шаққаннан кейін Алматыда Қалалық жедел жәрдем ауруханасы, Орталық қалалық клиникалық аурухана, №4 Қалалық аурухана, №7 Қалалық аурухана, Балаларға шұғыл медициналық жәрдем орталығына баруға болады.

Shymbulak Outdoor резиденті, сертификатталған треккинг гиді, экобелсенді Светлана Харитонова біздің тауларда кездесетін улы өсімдіктер туралы айтып берді. Жалпы, өңірімізде улы өсімдіктердің шамамен 20 түрі бар. Әсіресе жапырағы жіңішке ясень, жоңғар көкнәрі (аконит), қоңыраугүл, қоңырау тәрізді прострел өсімдіктерінен абай болу керек.

ТАБИҒАТТА ӨЗІҢДІ ҰСТАУ МӘДЕНИЕТІ

Светлана Харитонова туристерді табиғатты аялауға шақырып, Leave No Trace тұжырымдамасы туралы айтты. Бұл – АҚШ-та пайда болған, тұмса табиғатты барынша адамнан қорғауға арналған 7 негізгі этикалық қағидаттан тұратын тұжырымдама. Олар мыналар: 

Алдын ала жоспарлап, саяхатқа мұқият дайындалу;

Қатты, тапталған жерлермен жүріп, сол жерде лашық тігу;

Қоқыс қалдырмау;

Табиғатта не кездестірсең де оны сол қалпында қалдыру;

Отты барынша аз тұтыну;

Табиғатқа құрметпен қарау;

Басқа адамдарға құрмет көрсету.

«Тау қауіпсіздігі: маусымаралық кезең» атты іс-шара дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Былтыр қазан айында Shymbulak Outdoor осындай кездесуді қыс маусымының алдында ұйымдастырған еді. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – адамдарға қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды екенін жеткізу, өйткені тауда азғантай қателіктің өзі адам өміріне қауіп төндіреді, сондықтан жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады. Айта кетейік, Shymbulak Outdoor – Алматыдағы «Шымбұлақ» тау курортына қарасты ұйым, ол танымдық, әлеуметтік-ағартушылық және қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады.