«Шетел агенті» заңына ұсыныс, мұнайды бөлу шарты мен шенеуніктер рокировкасы — Ұлыс апта

Ulysmedia

Ulysmedia.kz оқырман мен көрермен назарына аптаның айшықты оқиғаларының шолуын ұсынады.

Ulysmedia коллажы

Ұлыс аптада қамтылған айшықты оқиғалар аңдатпасы:

Сол жағалауда тағы ауыз-түйіс. Тоқаев өзіне жаңа кеңесші мен көмекші тағайындап алды. Алпыстан асқан Тамара Дүйсенованың орнына Ермек Көшірбаев вице-премьер болып келді. Президент әкімшілігі аймақтарды қатаң бақылауға алып жатса керек. Ақордада отырған әкімдерді бақылаушы инспектор да ауысты.

Өз ақшамызды қойып, енді бөтеннің ақшасын санауға көштік пе? Депутат Ирина Смирнова шетелден қаржы алатын БАҚ пен ұйымдарға «шетелдік агент» айдарын тағып беретін заңды әзірлеуді ұсынды. Ресейдің жолы Қазақстанға үлгі ме? 

Қазақстан мұнайының тең жартысын игеріп отырған «ТеңізШевройл» салығы неге мардымсыз? Шетелдік инвесторлармен келісім-шартты өзгертетін уақыт келген сияқты ма? Бірақ оған үкіметтің тісі бата ма?   

Құлсарының халқы наразылыққа шықты. Ел неге жұмыссыз еңіреп жүр? Жастар неге базар аралап жүр? Арнайы сауалнама жүргіздік. 

Қырғызстанда Кенесары ханның өлімі үшін қазақтардан кешірім сұраған әнші қамауға алынды. «Ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдеме жасады» деп Қайрат Примбердиев 10 жылға сотталуы мүмкін. Ал қазақстандық тарихшылар не дейді? 

Ал Қазақстанда «Күн қайда?» деп уақыт белдеуінің өзгеруіне қарсылығын білдірген суретші Асхат Ахмедияровты полиция ұстап әкеткен. 

Жемқор мемлекеттер рейтингі жарияланды. Қазақстан 5 сатыға жоғарылап, 88 орында тұр. 2023 жылы 93-те еді. Бұл ел ішінде шынымен коррупция азайды дегенді білдіре ме?  

Мемлекетке опасыздық жасаған Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі 2 млрдтқа сатылып жатса, түрмеде отырған экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады.

Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді. Ұлыс медиа Тоқаевтан үлгі алмай, жақындарын жоғары қызметке тартып жүрген шенеуніктердің тізімін жасады. Онда кімдер бар? 

Бәрін тарқатып айтып береміз. Апталық шолуды көріп, бөлісе отырыңыздар.