Miss Qazaqstan: Қаржы көзі және 22 жылда ең сұлу атанған қыздар (ФОТО)

Ая Өміртай

Жақын күндері еліміздегі Miss Qazaqstan сұлулық байқауының өңірлік іріктеу кезеңі аяқталды. Жүлдегерлерді енді республикалық ақтық кезең күтіп тұр. Бұл – АҚШ пен Ұлыбританиядағы халықаралық конкурстарға лицензия алған еліміздегі бірден бір байқау. Сұлулық сайыстары уақыт ағымына сай инклюзивті болуға тырысқанымен, іс жүзінде негізгі мазмұны өзгере қойған жоқ. Сахнаға жиырмаға тарта әйел суырылып шығып, сырт келбетін сынға салатыны жасырын емес. Біз мұндай жарыстарды өткізудің неліктен маңызды екенін және қандай кері тұстары бар екенін саралап көрдік.

Коллаж: ulysmedia.kz

Ең әдемі әйелді таңдау дәстүрі орта ғасырдан бастау алады. Бастапқыда мұндай жарыстардың бір ғана көздеген мақсаты бар еді, ол – көптің көкейіндегі үздік әйелді табу. Қатысушылар өздерінің қызығушылықтары мен өнерін, жетістіктерін де ортаға салғанымен, оның барлығы көзалдау үшін атқарылғандай екіұдай ойға қалдырады.

Фото: MissQazaqstan  сайтынан

Сұлулық байқауы Кеңес Одағында 1988 жылы Мүслім Магомаев қазылық етуімен алғаш рет өтіп, 10-сынып оқушысы Маша Калинина жеңімпаз атанған. Ал 1989 жылы өткен «Қазақстан аруы» байқауында 20 жастағы балерина Сәуле Рахмедова бас жүлдегер болған-ды.

ҚАРЖЫ КӨЗІ КІМ?

Тәуелсіздік алған жылдар Miss Qazaqstan атауымен жалғасқан ұлттық байқау биыл мерейлі 25 жылдығын атап өтпек. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, осы жылдар ішінде байқауға Samsung, LG, Mary Kay, Oriflame, KCELL, Coca-Cola сынды алпауыт компаниялар мен отандық кәсіпкерлер демеушілік етіп келген. Сондай-ақ, әр жылдары Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздің барлық облыстарындағы қала әкімдіктері де қолдау көрсеткен.

Фото: MissQazaqstan  сайтынан

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, 2018 жылы «Мисс Қазақстан - 2019» кандидаттарын іріктеу қызметтерін ұйымдастыру бойынша байқауды ұйымдастырушы қорға 75 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Ұлттық компания 2019 жылы байқаудың финалын өткеруге тағы 132 млн теңге тендер жариялап, бір көзден сатып алу тәсілі арқылы «Мисс Қазақстан ұлттық сұлулық конкурсы» қоғамдық қоры жеңімпаз деп танылған. Осылайша 2019 жылғы байқауды өткізуге жиыны 207 млн теңге көлемінде қаржы жоспарланған.

Байқаудың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2020 жылы пандемияға байланысты конкурс өтпеді. Ал келісім-шарттардың толық аяқталмауына байланысты биылғы бюджет көлемін жария ертуге ерте екендігін жеткізді.

СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЛАРЫ НЕГЕ АШУ ТУДЫРДЫ

Бельгияда тұратын жазушы, аудармашы Зәуре Батаева сұлулық байқауларына деген қарсылықтың себебін адамзаттың өткен ғасырлардағы тәжірибесімен байланыстырады. Оның айтуынша, сайыс миллиондаған қаржы тартатын шоу болғандықтан, сайыстың негізгі жақтаушылары шоу бизнеспен табыс табатын ауқатты адамдар екені, ал олардың мүддесі әдетте өз пайдасынан аспайтыны белгілі жайт.

«Көптеген қоғамдарда әйелдің бүкіл өмірі – тұрмысқа шығып, бала табумен шектелді. XIX ғасырдағы өндірістік экономика талаптары әйел адам мен ер адамның физикалық және ақыл-ой мүмкіндіктері тең екенін көрсетсе де, XX ғасырдың бірінші жартысында өздерін «өркениет көшбасшысы» санаған батыс қоғамында әйелдердің сайлауға қатысуға құқығы болған жоқ.  Яғни, зиялы қауымның, соның ішінде феминистердің сұлулық сайыстарына деген жағымсыз көзқарасы сұлулық сайыстарының әйелді ақыл-ойына, тұлғалық қасиеттеріне қарай емес, келбеті мен тәніне қарай бағалап, оның адами қасиеттерін жойып, жалпы әйел затының қоғамдағы рөлін сексуалдық зат, тауар деңгейіне төмендетеді дегенге саяды», - дейді жазушы.

Ал өркениетті қоғам тән сұлулығын емес, жан сұлулығын, адамгершілік қасиеттерді дәріптеуі тиіс деген түсінікті алға тартқан ол, сұлулық сайыстарына қарсы екендігін атап өтті.

«Жеке пікіріме келсек, сұлулық сайыстарына үзілді-кесілді қарсымын. Біріншіден, қай елде болмасын, сұлулық сайысы – француз ойшылы Симон де Бовуар айтқандай, ер адамның өз мүддесі үшін ойлап тапқан ермегі. Бұл сайыстан әйел мүддесі тек қана ұтылады. Екіншіден, мұнай буына масайып, рухани құндылықтардан жұрдай болған қазақ қоғамында бұл сайыс – тоқал базары екені айдан анық, яғни, бұны біле тұра, тәні мен жанын құл базарда сатуға келісімін берген қыз баланың қоғамнан күтер басқа ешбір үміті жоқ деген сөз”, - дейді Зәуре Батаева.

Мұндай пікірді белсенді феминистердің бірі Фариза Оспан да құптайды. Оның айтуынша, келешекте  қазақстандық қоғам инклюзивті бола келе, сұлулық сайыстары да артта қалады деген ойда.

Фото: MissQazaqstan  сайтынан

Ал FemAgora фестивалінің құрушысы Лейла Махмудова мұндай байқаулар әйелдердің мүмкіндіктеріне жол ашатын бірден-бір орта деп біледі.

«Әйелдердің мұндай байқауларға қатысуына ешқандай қарсылығым жоқ. Себебі бұл патриархалдық қоғамға бейімделудің өте жақсы механизмдері, стратегиясы. Бұл әйелдерге өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі, белгілі бір деңгейде мұның қоғамға да пайдасы үлкен. Осы негізден қарағанда бұл керемет бастама. Ал ұйымдастыру барысында байқау шарттарының қадағалануы, бұл мұлде басқа сұрақ», – деп атап өтті ол.  

Лейла Махмудованың айтуынша, әлемдік байқауларда бірдей сұлулық стандарттарының дәріптелуі танымал мәдениеттер арқылы кең насихатталып жатыр. Яғни, еуропалық стандарт әдемілігіне сай келмеген әйелдерге сыртқы келбет жағынан қысым көрсетіледі және осының кесірінен олар түрлі зиянды процедураларға жүгінеді. 

Бұл ретте байқау ұйымдастырушылары сұлулық жарыстарының әйел құқығына қайшы деген пікірмен келіспейтіндігін атап өтті.

«Байқау қатысушыларға әлеуметтік жауапкершілігін, белсенді өмірлік ұстанымын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді және жоба бағдарламасы әлеуметтік және қайырымдылық шараларды қамтиды», - деді «Мисс Қазақстан» байқауының өкілі.  

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН АРУЛАР

Сұлулық сайыстарына деген пікір әр алуан. Байқау көп қыздар үшін әлеуметтік лифт ретінде көптеген мүмкіндік беріп келеді. Оларға көптің арасынан ерекшеленіп, тез танылуына септеседі.

Мәселен, 1998 жылғы вице-мисс атанған Ирина Ашербекова бүгінде қазақстандық танымал дизайнерлердің біріне айналды. Әйгілі топ-модель сән индустриясының нағыз жұлдызы атанып, сән апталықтарында әйелдер киімдерінің коллекциясын көрсетіп келеді. 2019 жылы «Аутсайдеры» атты фантастикалық әңгімелер жинағын оқырманға таныстырды.

2014 жылғы «Қазақстан аруы» Регина Вандышева Берлинде заманауи өнер галереясын ашты. Галереяда заманауи жаңашыл суретшілердің жұмыстары қойылады. Регина Вандышева өнерді дамыту мен насихаттауға өз үлесін қосып, Қазақстан суретшілеріне де қолдау көрсетіп келеді.

Фото: MissQazaqstan  сайтынан

2019 жылғы жеңімпаз Мәдина Батық Павлодар өңірінің тумасы, Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі. Байқау жеңімпазына 3 миллион теңге мөлшерінде ақшалай жүлде табысталып, Парижде шопинг жасауға, жарнамалық келісімшарттар мен «Әлем аруы-2019» байқауына қатысу құқығына ие болған еді. Мәдина қазір жеке кәсіпкер, отандық киім брендін жолға қойған.

Қазақстандық қатысушылар арасында «Әлем аруы» (Ұлыбритания) байқауында 2 мыңыншы жылы Маргарита Кравцова топ бестікке кіріп, «Үздік костюм» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған. Альфина Насырова (2008 жылы) топ 15-ке кірсе, Жанна Жұмалиева (2011 жылы) «Топ-модель» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Байқаудың 2021 жылғы финалы қараша айында өтеді деп жоспарланған. Қазылар алқасы құрамында әнші Мәдина Сәдуақасова, актер Тәуекел Мүслім, 2013 жылғы Miss Qazastan жеңімпазы, тележүргізуші Айдай Исаева бар.