Мифтерді бұзу: «Ыңғайсыз» сұрақтарға қазақша жауап беретін чат-бот

Ая Өміртай

Астанада жасөспірімдерге арналған Aspan арнасының тұсаукесері өтті. Есею, қарым-қатынас және денсаулық туралы «ыңғайсыз» сұрақтарға жауап табуға көмектесетін чат-боттың негізгі міндеті – мифтерді бұзу, жыныстық денсаулық пен қарым-қатынас туралы сенімді ақпаратты қазақ тілінде ұсыну.

Фото: ulysmedia.kz

ASPAN ЧАТ-БОТЫ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ

Жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған UyatEmes сайты ағартушылық бағытта бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған сайттың жұмыс тобының құруымен ашылған Aspan чат-боты жастарға қарым-қатынас, жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселелерінде барынша сауатты болуға көмектесуді мақсат етеді. Олар жасөспірім шақтағы өзгерістер туралы, алғашқы қарым-қатынас, оның ішінде жыныстық қатынас туралы сұрақтарға жауап ала алады.

Осы орайда арнаның кішігірім тұсаукесерінде басқосқан мамандар жыныстық сауат ашудың маңызын айта келе, гендерлік теңдік пен адам құқықтары тақырыбында тереңдей ой алмасты.

Чат-ботты құрушы авторлардың бірі Камила Тұяқбаеваның айтуынша, жыныстық сауатты арттыруға қатысты қоғам көзқарасы әлі түзелмей келеді. Ол – сексуалды және репродуктивті денсаулық сұрақтары бойынша 14 жылдан бері тренер.

«Біз үшін боттың қазақ тілінде дұрыс жұмыс істегені өте маңызды болды. Өйткені жыныстық ағарту бағытында қазақ тілінде мәлімет беретін ресурстар мүлде жоқ деуге болады. Осы орайда ақпаратты қазақ тілінде таратуға барынша ден қойдық. Сондықтан боттың сұрақтарды дұрыс түсінуі, оған дұрыс жауап таба алуы үшін IT мамандармен бірнеше рет тексерістен өткіздік. Бот жасанды интеллект базасында болғандықтан ондағы нейрожүйелердің дұрыс жұмыс істеуіне мән берілді», – дейді ол.

Нейрондық желілерді пайдалану – білім берудегі мықты трендтердің бірі. Осы тақырыптар бойынша бот-консультанттарды құру эксперименттері шамамен 10 жыл бойы жүргізіліп келеді. Ал Aspan-мен Telegram-да сөйлесуге болады. Ол үшін «Сәлем» деп жазу жеткілікті.

Оның айтуынша, арнада негізгі алты тақырып қамтылған. Олар – денсаулық, қарым-қатынас, психология, секс, отбасы және физиология. 

«Бот мазмұнында 300-ден аса тармақ бар. Сұрақтарға толымды жауап берілген соң, пайдалы ресурстарды да ұсынады. Қазақстанда 16 жастан бастап ота мен түсік жасаудан өзге денсаулық сақтау бағытындағы қызметтерге ата-ана рұқсатынсыз өз бетінше жүгіне алады. Сол сияқты заңнамаларды жасөспірімдерге үйретеміз. Өйткені олар дәрігерлерге барудан, әке-шешесінен айтудан қорқып, ұялып жүргенде, жыныстық жолмен берілетін аурулар асқынуға дейін ұласып кетеді. Ал хроникалық аурулардың көптеген салдары бар, әсіресе бедеулік пен белсіздік ауруы өршіп тұрған мәселе», – дейді Камила Тұяқбаева.

Ал Қазақстандағы жасөспірімдер қоятын негізгі сұрақтар қандай деген сауалымызға маман былай деп жауап берді.

«Маған көбіне қыздық, пәктік туралы көп сұрақ қойылады. «Мен қыздығымды жоғалтсам не болады?», «Күйеуге тимей тұрып жыныстық қатынасқа түсуге бола ма? Ол күнә ма?» деп сұрап жатады. Алғашқы жыныстық қатынас кезінде міндетті түрде қан ағады деген мифтің кесірінен көптеген отбасының арасына сына түседі. Негізі елеусіз дүние болып көрінгенімен, жеке адам өмірінде маңызға ие болуы мүмкін. Қыздық перде – қынап ішіне біткен тері. Түрлі формада созылмалы болады», – деген ол «пәктік» атауына ие әлеуметтік түсініктің медициналық тұрғыда нақты анықтамасы жоқ екенін айтады. Сондықтан қыздық перде тақырыбы әр адамның жеке мәселесі болуы тиіс.

СЕКС ТАҚЫРЫБЫ АЙТЫЛМАЙДЫ

Арнаны құрушы негізгі авторлардың бірі, тәуелсіз зерттеуші Қарлығаш Қабатованың айтуынша, қазақ тілді отбасыларда сексуалды денсаулық – қозғалмайтын тақырып. Оны талқылаудан балалар да, ересектер де қашады.

«Жыныстық қатынас тақырыбына қатысты кез-келген әңгіме бізде ашық айтыла бермейді. Қыз бала жақсы көру туралы айта бастаса, бас салып тиып тастайды. «Ондайды сұрама, айтпа, саған ерте» дейді. Сондықтан жасөспірімдер арасында тексерілген әрі құпия сақталатын ортақ дерекөздің болуын маңызды деп таптық. Ақпараттық бос кеңістік болғандықтан, жасөпірімдер жыныстық ағартуды порнографиялық сайттардан іздейді. Ал ондай сайттардағы ақпарат дене міндетті түрде мінсіз болуы тиіс деген қасаң көзқарастарға негізделген. Көп жағдайда қысым көрсету ашық насихатталады және ол әйелге ұнамды етіп көрсетіледі. Ал жасөспірімдер сондағы көргенін өмірлік тәжірибеде қолданады. Бір сөзбен айтқанда, чат-ботты ашуда тексерілген ақпараттың қазақ тілінде қолжетімді болуын мақсат еттік», – дейді автор.

Aspan – анықтамалық емес, жасанды интеллект. Білім базасы топта жиі қойылатын сұрақтар, пайдаланушылардың ботпен диалогтарын талдау және сарапшыларджың ұсыныстары негізінде үнемі жаңа жауаптармен толықтырылып отырады.

Чаттағы сұрақтарға жауаптарды редакция тобы дәрігерлер мен психолог мамандармен бірлесе отырып дайындайды. Жауаптар базасын құру кезінде ЮНЕСКО, ДДҰ және БҰҰ-ның басқа да агенттіктерінің жыныстық денсаулық және психологиялық саулық мәселелері бойынша зерттеу материалдары, жастарға жақын ғылыми-көпшілік және ағартушылық ресурстар, сарапшылардың жарияланымдары пайдаланылған. Қазір топта оншақты маман жұмыс істеп жатыр. Жобаға ЮНЕСКО мен Сорос-Қазақстан қоры қолдау көрсеткен. 

«2018 жылдары қоқысқа сәбиін лақтырып кеткен аналар туралы жаңалықтар жиілеп кеткен еді. Біз соның себебін білгіміз келіп, әріптесім Сергей Маринин екеуміз бірлесіп білім беру жүйесіндегі жыныстық ағарту бойынша зерттеу жүргіздік. Бір анық нәрсе – аталған мәселелер жыныстық сауаттың болмауынан туындап отырғаны. Қалай жасырсақ та, жыныстық қатынасты бастайтын кезең – 16 жас. Сондықтан зерттеу жұмысында жасөсіпірімдердің өздерінен, ата-аналарынан сұрастырдық», – дейді Қарлығаш Қабатова.

Жыныстық сауатқа қатысты зерттеуге Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шымкент және Өскемен қалаларынан 4 360 бала мен жасөспірім қатысқан. Сауалнамаға жауап берген жасөспірімдердің көбі ата-анасымен секс тақырыбында сөйлесе алмайтынын айтқан. Олар негізгі ақпаратты интернет пен әлеуметтік желілерден өз бетінше ізденеді. Ал ондағы ақпараттың сапасы мен шынайылығы көп жағдайда күмәнді.

МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ МЕН ГЕНДЕРЛІК НОРМА

Осы ретте отбасы психологы Ержан Мырзабаевтың айтуынша, жастардың әл-ауқаты мен білім беру саясатына жауапты ведомстволар мен мүдделі институттар жеткілікті деңгейде жұмыс істей алып отырған жоқ. Оның бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, білім саласында бұған дейін шешуін таппаған басқа да өзекті мәселелер бар. Екіншіден, талап жоқ. Талапты сұраныс немесе мәселе ретінде қарауға болады. Бұл тақырыптағы мәселелерді ескере отырып, мемлекеттік құзырлы орындар керекті шешімдерді қабылдайды деген ойдамын», – дейді Ержан Мырзабаев.

Көп жылдан бері отбасы психологы ретінде жұмыс істеп келе жатқан ол ата-аналардың жыныстық сауаттылығы төмен екенін алға тартады. Сондай-ақ, олар жыныстық сауат тақырыбын табу тақырыптарға жатқызады.

«Баламен ата-ана, я мамандар сөйлеспеген уақытта олар мұны интернеттен өз бетінше үйренеді. Өкінішке қарай, теріс ақпараттарға жолығуы да мүмкін. Ашылып жатқан қазақ тіліндегі ағартушылық чат-боттың негізгі идеясы, ұсынысы өте орынды. Негізі жыныстық тәрбие дегеніміз қоғамда белең алып тұрған ерте жүктіліктің алдын алу жолы. Қаншалықты мәселені жауып ұстағанымызбен, соншалықты өзімізді алдап отырмыз. Қазір әр баланың қолында телефон бар, ақпарат қол жетімді», – дейді психолог.

Оның айтуынша, отбасылық тәрбие, жыныстық тұрғыда сауат арттыру курстарына қатысуға ынталы ата-аналар көп болмаса да, бар. 

Талқылауға қатысқан мамандардың көзқарасы көптеген мәселелердің түп-тамыры гендерлік теңсіздіктен, жыныстық және отбасындағы зорлық-зомбылықтан шығады деген пікірге тоғысады. Аталған мәселені ауық-ауық тәуелсіз зерттеушілер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері көтергенімен, бастамалар жеткілікті деңгейде қолдау көре бермейді.