Павлодарлықтар дауылды желден әлі есін жия қойған жоқ. Соңғы мәліметтерге сенсек, 18 ауыл үш тәулік бойы электр қуатынсыз отыр. Мұндай жағдайға жол берген бірқатар жауапты тұлға облыс әкімінен «сөз естіді». Тіпті, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов жылы орнын босатты. Өзге де лауазымды тұлғалар қызметімен қош айтысуы мүмкін.
Естеріңізге салсақ, сенбіден жексенбіге қараған түні облыстың 3 қаласы мен 6 ауданында екпіні 37 м/с дейін жеткен дауылды жел 83 әлеуметтік нысанның шатырын ұшырып, ағаштарды, аялдамаларды құлатқан. Зардап шеккен өңірлерде табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар жарияланып, келтірілген залалға бағалау жүргізілді. Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін мердігерлік ұйымдар анықталуда.
Электрмен жабдықтау желілеріндегі 246 апатқа және 100-ден аса электр желілеріндегі бағаналарға зақым келуге байланысты 117 елді мекен жарықсыз қалды. Бүгінде жауапты мекемелер олқылықтың орнын толтыру үшін күні-түні әрекет етуде. Дауылды желден зардап шеккен жеке азаматтардың шығыны өтелмек. Ал бизнес нысан иелеріне мұндай жеңілдік қарастырылмаған.
Оралхан ҚОЖАНОВ