Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту жайлы мәселе жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қала немесе көшелердің атауы азаматтар әдетте, ниет білдіріп, өтініш берілген кезде өзгеріп жатады. Бұл қалыпты жағдай. Қазіргі уақытта Петропавл халқын көбінесе жылу, жарық, электр энергиясы мәселелері көбірек алаңдатады. Көшелердегі кәріз жүйесінің мәселелері де бар. Күш салып, соның бәрі жөнделіп жатқанын да азаматтар көзімен көріп отыр. Халық көбінесе скверлердің, ойын алаңдарының ашылуын қалайды. Жолға асфальт төселсе дейді. Қаланың атауын өзгертуді былай қойғанда халықтың басқа мәселелер көбірек алаңдатады», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов ОКҚ жиналысынан кейін журналистерге.
Еске сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап еткен «Намыс» жастар қозғалысының белсенділері аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа (сол кезде өңірді әкім болған) петиция жолдаған еді. Петицияны әкімге тапсыру үшін аймаққа арнайы барған жастар «біз күллі қазақтілді аудиторияның арызын арқалап келдік. Солтүстікті қазақтандыру қажет», деген еді.