Жетісу облысында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған шенеунік сотталды

Ulysmedia

Жетісу облысының әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Сотта анықталғандай, 2023 жылы еріген судың шайып кетуінен қираған Кербұлақ ауданының Малайсары бекетіне апаратын жолдың жағдайына халықтың наразылығы туындаған. Прокурорлық тексеру барысында аталған аумақта жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды.

Аталған дерекке қатысты арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу жұмыстары ағымдағы жөндеу жұмыстарына тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалмағанын және сараптама жүргізілмегенін анықтады. Соның салдарынан су бұрудың сыйымдылық қуаттылығы есептелмей, жұмыс сапасы қамтамасыз етілмегеніне байланысты жолдың бұзылуына әкеп соққан, – делінген прокуратура хабарламасында.

Мемлекетке келтірілген шығын 22 миллион теңгеден асты.

Сотталушының өз кінәсін мойындауын, жасын және келтірілген шығынның толық өтелуін ескере отырып, сот бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.