Астанада сот автобус жүргізушісін екі жыл бір айға бас бостандығынан айырды. Ол рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлескен кезде жаяу жүргіншілер жолағында 57 жастағы әйелді қағып кеткен. Әйел ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға қалай болды
Автобус жүргізушісі көлік басқарып келе жатып, телефонмен сөйлескен. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағында ол әйелді қағып кеткен. Әйел ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сот жүргізушіге бес жыл бойы көлік басқаруға тыйым салды. Үкім заңды күшіне енді.
Контекст
Бұған дейін Алматы облысында мас жүргізуші төрт жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін хабарлаған едік.