БҚО-дағы су тасқыны: тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Ulysmedia

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға басшылық етіп, төтенше жағдайлар қызметімен бірге атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 наурыз күні Сырым ауданында су деңгейі артып, елді мекендерді тасқын су басты. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төтенше жағдай орын алған Сырым ауданына жол тартып, суға кеткен ауылдық елді мекен тұрғындарыдың қауіпсіз жерге көшірілуін қадағалады. Сондай-ақ Сырым ауданы аумағында апатқа қарсы жедел штабтың отырысын өткізді. 

Өңір басшысы түні бойы Төтенше жағдайлар министрімен байланыста болып, басқа облыстардан қосымша техникалар мен күштердің Батыс Қазақстандағы су тасқынының алдын алуға бағытталуын қамтамасыз етті. 

Жергілікті сағат таңғы 5.00-ге дейін барлық жұмыстардың жүргізілуін толықтай қадағалады. 

Нариман Төреғалиев аудан орталығындағы су деңгейінің түскеніне көз жеткізген соң, Қаратөбе ауданындағы апаттық жағдайды бақылауға жол тартты.