Ақтөбе облысында 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, саяжайдағы 99 үйге су кірді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысында биыл 10-нан астам өзен арнасынан асты.
Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор өзендері көтеріліп, ауылдарды су басқанда 5 аудан және облыс орталығы Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Салдарынан 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысанды су басты.
— 187 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды. Су тасқынына қарсы шараларға жеке құрамның 3 мыңнан астам қызметкері тартылды. Оның ішінде Маңғыстау облысының 52 қызметкері және Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен Алматы қаласынан келген 20 құтқарушы бар. 647 техникадан бөлек, іздестіру-құтқару жұмысына Қорғаныс министрлігінің алты тікұшағы жұмылдырылды. Су тасқыны салдарынан 6908 адам қауіпсіз орындарға көшірілді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дегенмен Ырғыз ауданындағы 4 елдімекенді су басу қаупі бар.
Қазір төтенше жағдай жарияланған аймақтарда комиссиялар құрылды. Штабқа жауаптылардың байланыс телефондары жарияланды.