Тікұшақ күтіп отырамыз ба, бізге жол керек – Арқалықтың Әбдіғаппар хан ауылы тұрғындары

Сырым Қаржас

Қостанай облысы Арқалық қалалық әкімдігіне бағынысты Жаңақала ауылдық округі орталығы Әбдіғаппар хан ауылының тұрғындары Ulysmedia.kz редакциясына ауылдан видео жіберді. Бұл ауыл тасқыннан аман. Алайда су ауылға апаратын жол мен көпірді жырып кеткен.

Ауыл тұрғындары түсірген фотосурет

Ауыл тұрғындары не дейді?

– Су тасып жатыр, бірақ бізде зардап шеккен үй жоқ. Үй құлап, далада қалып қойдық деген сияқты әңгімеден аманбыз. Киім-кешек, етік дегендер бізге қажет емес, ауылға азық-түлік бірінші орында тұр. Сол проблема, – дейді олар.

Әбдіғаппар хан ауылы тұрғындары біздегі проблема – жол, екі көпірдің мәселесі дейді. Айтуларынша, Арқалыққа қарасты Аққошқардың, Қайыңдының жолын жөндеп жатыр. Аяқтап та қалған. 

– Бізге келгенде «жол жаман» деп олар кірмей жатыр. «Күтеміз, жер дегдісін» деген сияқты әңгіме. Біз «қашан тікұшақ келеді екен» деп отырамыз ба? Олай болмау керек. Өзіміз жырылған көпір мен жолды жөндеуге тырысып жатырмыз. Жолды құммен тегістеп берсе де, көмектессе екен. Бірінші кезекте бізге жолды істету керек, – дейді олар.

Еске сала кетейік, биыл су тасқынынан ең қатты зардап шеккен өңірлердің бірі – Қостанай облысы Арқалық қаласына қарасты ауылдар болып тұр. Бірнеше күн бұрын қалаға қарасты Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары су тасып, түгел ауылдан көшірілген. 29 наурызда Арқалық қаласында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша жедел штабтың отырысын өткізді. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі Амангелді және Жангелді аудандарында халықты әуе шеруі бойынша, жүзу құралдарын пайдалана отырып, адамдар эвакуацияланғанын хабарлаған. Су басқан аумақтардан 575 адам, оның ішінде 180 бала құтқарылған. 

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел желі: 8-(714-2)-501-960 жұмыс істейді.