Тараз қаласы әкімдігі орындалмаған жұмысқа 75 млн теңге аударған

Ulysmedia

Жамбыл облысында прокурорлар жасалмаған жұмыс үшін бюджеттен қаражаттың төлену дерегін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Тараз қаласының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалуы заңдылығына жүргізген тексерудің нәтижеcінде Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әзірленбеген 4 сметалық құжаттама үшін 75 млн теңгені мердігерге негізсіз аударғанын анықтады.

Аталған дерек бойынша қала прокуратурасы ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу) қылмыстық іс тіркеді. Тергеп-тексеруді жүргізу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне тапсырылды, – делінген хабарламада.

Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жариялануға жатпайды.