Әкімдіктің хабарлауынша, ол бұл қызметке уақытша тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Алматы әкімдігі мегаполистің Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы тағайындалғанын хабарлады.
Басшы лауазымына Батырхан Сүлейменов таңдалды.
Ол туралы не белгілі
1992 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2015 жылы Ұлыбританияның Кардифф Метрополитан университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2014 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2017 жылы құрылыс компаниясында Бас директор болып жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары болған.
Жаңа басқарма
Естеріңізге сала кетейік, Алматы мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында жаңа сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармалары бекітілді. Жаңа құрылымдар аудандық әкімдіктердің басқа басқармаларын, аппараттарын оңтайландыру есебінен қалыптасады және штатты көбейтуді көздемейді.
Алматыда наурызда болған жер сілкінісі
Алматыда 4 наурызда сағат 11.22 шамасында жел сілкінісі болып, дабыл белгісі қосылды.
Алматылықтар көшеге шығып, қауіпсіз орын іздей бастаған.
ТЖМ табиғи жайтқа “қатты жер сілкінісі” деп баға берді.
Қаңтарда болған жер сілкінісі
Еске салсақ, Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.
Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.