15 мамыр - халықаралық Отбасы күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев халықаралық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыс жеңімпаздары және олардың ата-аналарымен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы білімді, өнерлі, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға өз үлесін қосып отырған отбасыларға алғысын білдіріп, жиналғандарды отбасы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайту қоғам дамуының негізі екенін атап өткен болатын. Өңірлерде отбасы институнын қолдау бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгін дарынды, білімді, рухы биік ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылардың бірқатарымен кездесіп отырмыз. Баршаңызды отбасы күнімен құттықтаймын. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз үміттеріңізді ақтап, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне адал қызмет атқаратынына, Ақжайықтың абыройын асқақтатынына сенімдімін, - деді Нариман Төреғалиев.
Іс-шара барысында отбасы мүшелері де өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, ата-аналар облыс әкімдігіне, балаларын жетістікке жетелеген ұстаздарына, қолдау білдірген жандарға алғыстарын жеткізді.
Жалпы, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 13 586 көпбалалы аналар бар, оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері 6 558 адам. Облыста 5 «Отбасы орталықтары» жұмыс жасайды. Ал биыл тағы 3 ауданда ашу жоспарланып отыр.