Құлсарыдағы наразылық: халық алдына шыққан әкім Шәпкенов қандай уәде берді

Сырым Қаржас

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары тұрғындарына берілетін ақшалай өтемақы нақты бекітілген мақсатқа жұмсалуы керектігін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.

Толығырақ

Әкім мүлкі апатты деп танылған, зардап шеккен азаматтарға өтемақы Құлсары қаласы бойынша зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына аударылатынын жеткізді. Бұл шамамен 200-240 мың теңге. Өтемақының нарықтағы құны бойынша төленетіні хабарланады.

Бұл ақшаны тұрғындар нысаналы мақсатта – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсауға тиіс.

– Қазір, бірінші кезекте, су тасқынынан зардап шеккендер бағалау қорытындысымен және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеуге өз келісімін беруі тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі, - деді әкім.

Тағы не дейді

Жылыой ауданы бойынша барлығы 3613 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 1,387 млрд теңгені құраған.

– Сонымен қатар, келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізілуде. Қазіргі уақытта барлығы 2940 өтініш қабылданып, 2727 өтініш қарауға жіберілген. 2624 үйге бағалау, 2671 үйге техникалық тексеру жүргізілген. 756 апатты үй анықталған, - деп хабарлады өңірдің жедел штабы.

Контекст

Сәуір айының басында болған су тасқынынан Атырау облысы айтарлықтай зардап шекті. Су тасқыны басталғалы 2,5 мың үйдің суы Құлсарыға бұрылды. Комиссия анықтағандай, кейбір ғимараттар апатты жағдайда, оларды қалпына келтіру мүмкін емес.

Күні кеше Жылыой ауданы әкімдігінің ғимаратына тұрғындар төлемді көбейтіп, су басқан үйлердің әр шаршы метріне кемінде 400 мың теңге белгілеуді талап етіп келген. Бұл сомаға құрылыс материалдары, жұмысшылардың жалақысы, малға қора салу кіреді.

Наразылық

Су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы тағы да наразылыққа шыққан. Куәгерлердің айтуынша, ашуға булыққан қала тұрғындары әлі де әкімдік ғимаратының жанында жүр. Олар шатыр тігіп, басты көшені жауып тастады. Қалада интернет үзілген.

Естеріңізге сала кетейік, Ulysmedia.kz редакциясы төтенше жағдай басталғалы бері жағдайды қадағалап отыр. Бұған дейін мұнайшылар шаһарында болып, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп қайтқан еді.