Көпбалалы аналар автобуста тегін жүреді

Әлихан Асқақ

Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға тағы бір жеңілдік жасалып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

2025 жылдан бастап олар облысішілік автобустармен тегін жүретін болады.

ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК

Қазір өңір бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар облысішілік автобустарға тегін жүреді. Бұл мақсатта 178 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 5312 бала қамтылған. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Келер жылдан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар үшін қалааралық және ауданаралық қоғамдық көліктер тегін болады. Оған қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді, – деді Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов.

ВОКЗАЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Ол өз сөзінде Өскеменде теміржол вокзалы жөнделетінін де жеткізді.

«Өскемен-1» теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Соның аясында ғимарат толықтай жөнделеді. Сондай-ақ модернизациялау жұмыстары да жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – вокзалды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы ету, – дейді Қуаныш Акрамов.