Шымкентте 400 миллион теңгеге мемлекеттік субсидия жымқырылды

Ulysmedia

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқырған қала тұрғыны қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, мал шаруашылығы саласындағы қожалық иелеріне мемлекеттік көмек түрлерінің бірі – субсидиялар. Субсидиялар мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға төленеді, мұндағы басты мақсат – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қаражатты мақсатсыз пайдалану деректері де бар.

Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқырған қала тұрғыны қызметінің жолын кесті. Тергеу көрсеткендей, заң бұзушы 2020-2021 жылдар аралығында асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жалған мәмілелер жасаған.

Осыдан кейін субсидия алу үшін «Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы» ММ-не шарттар ұсынған. Заңсыз әрекеттің нәтижесінде 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда.