Кеш ерте батады: ШҚО-да кейбір қызметкерлердің жұмыс уақыты өзгереді

Сырым Қаржас

Бұл туралы ОКҚ алаңындағы брифинг барысында Шығыс Қазақстанның әкімі Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ

Көшербаевтің сөзінше, уақытты өзгерту – жергілікті биліктің құзіретіне кірмейді. Шешімді Үкімет қабылданған.

– Үкімет қабылданғаннан кейін біз оны орындауымыз керек. Әрине, кейбір тұрғындарда қиындық туған шығар. Балаларды кешке жақын мектептен алып кетеді. Иә, әрине ондай болады. Бірақ уақытты өзгертпесе де, егер қазір ескі уақыт қайтса, таңертең қараңғы кезде балаларды мектепке апарар едіңіз. Сол балаларды кешке жақын алар едіңіз. Мен оны айтып отырғаным. уақытқа байланысты – бірнеше мерзімде оған үйрену керек деймін бір жағынан. Екінші жағынан, әрине, тұрғындардың ой-пікірлерін біз тиісті министрліктере жеткіздік. “Осындай қиындықтар туып жатыр, соған қалай қарайсыздар, мұны қарастыру керек” дедік. Қазір бұл сұрақ Үкіметпен шешілген. Уақытымыз өзгертілген. Біз қазір облыс тұрғындардың бейімдеу процесін қалай жеңілдетуге болатынын, қалай жөніне келтіруге болатынын ойлауымыз керек. Мысалы, жұмыс уақытын өзгертуге, әлеуметтік мәселелерге, дүкендер, мектептердің жұмыс уақытын өзгертуге, әрине сағат сайын жүретін көліктің тәртібін қарастыруға – сол мәселелерді жеңілдету.. Жаңа уақытқа үйрету мәселелерін қарастырып отырмыз, – дейді әкім.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.

Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.