Қандастарды көшірудің жаңа талаптары дау тудырды, ал министрлік олардың бейімделуін көрсетті

Gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы этникалық қазақтар құжат рәсімдеуде қиындықтарға тап болғанын айтып шағымданып жатқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарихи отанына қоныс аударған қандастардың жаңа өмірге қалай бейімделіп жатқанын көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандастар кирилл әліпбиін үйреніп жүр

Ақмола облысы Ақкөл ауданының мысалында этникалық қазақтардың жаңа ортаға қалай бейімделіп жатқаны көрсетілді. Ересектер кирилл әліпбиімен оқып, жазуды үйрену үшін тіл курстарына қатысады. Бұл құжаттарды рәсімдеу кезінде де қажет.

Міндетті рәсімдерден өтуге қатысты көмек алу үшін қоныс аударушылар мансап орталығына жүгіне алады.

– Біз ауданымызға көшіп келген қандастарға қолдау көрсетеміз. Олардың бейімделуіне, сауалнама мен тестілеуден өтуіне, квота алуына көмектесеміз. Бізге қандастар көптеп келеді. Астанадан алыс емеспіз, – делінген бейнероликте.

Жаңа талаптарды енгізу қажеттілігі қоныс аударушыларды іріктеудің бұл тәртібі олардың кейін жұмысқа орналасуына ықпал етеді деген уәжбен түсіндірілген.

Көшіп келді, бірақ елден кетуі мүмкін

Ал жаңа ережелер Қазақстанға көшіп келіп, осында тұрақтап үлгерген азаматтар үшін айтарлықтай кедергіге айналды.

Бүгін Ulysmedia.kz Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы елден кету қаупіне тап болған қандастар туралы жазды. Олар шетелдегі мүлкін сатып, тарихи отанына қоныс аударған. Қазір балалары мектепке барады. Алайда өздері Қазақстан азаматтығын ала алмай отыр, ал визаларының мерзімі аяқталуға жақын.

Сәуір айынан бастап қандас мәртебесі мен тұрақты тұруға рұқсат алуға үміткерлер тіл тестінің әр блогынан кемінде 70 пайыз жинауы керек. Қазақ тілін білу жеткіліксіз. Сонымен қатар үміткерлер 600 балдық межеден асатын іріктеуден өтуге тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін