Жетісайда бір үйден 44 млн теңгенің алтыны ұрланды

Ulysmedia

Түркістан облысының полицейлері тұрғынға 44 миллион теңгеден астам шығын келтірген күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Polisia.kz

Polisia.kz-ның мәліметінше,  Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, тұрғын үйіне бөгде адамның жасырын түрде терезе арқылы кіріп, жатын бөлмесінде тартпа ішінде тұрған бағалы алтын, бриллиант әшекей бұйымдары мен бір млн теңгеден астам ақшасын, Nokia ұялы телефонын жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 44 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Жетісайлық полицейлерден құралған жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, куәлардан жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда күдікті қамауда.

Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жәбірленушінің үйінде алтын бұйымдарының барын біліп, өзінің жеке бас пайдасы үшін жымқырған. Бүгінде қолды болған алтын, бриллиант әшекейлер өз иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.