«Мұғалімдер екіге бөлініп кеткен»: Ұлы Абай туған жердегі мектептен шу шықты

Аян Өрібай

Абай облысына қарасты Абай ауданы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында шу шықты. Білім ордасындағы ұжым екіге бөлініп кеткен. Бірі қызметінен кеткен директорды қолдап, оның басшылыққа қайтарылуын облыс әкімінен сұраса, ұстаздардың екінші тобы директор ұстаздарды негізсіз жұмыстарға жұмсады деп айыптайды. Директор қызметінен кеткенімен аядай мектептегі дау-дамай әлі басылмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

«ДИРЕКТОР КЕТСЕ ДЕ БАСҚАРЫП ОТЫР»

Ulysmedia.kz порталына хабарласқан, бірақ атын атағысы келмеген мұғалімдер Абай атындағы мамандандырылған мектептің директоры мұғалімдерді оқу ордасынан бөлек өз жұмыстарына да жұмсағанын айтады. Бұған наразы болған олар арыз жазу арқылы директорды қызметінен кетірген. Бірақ, сонда да мектеп ішіндегі жағдай тұрақталмаған дейді. Оқытушылардың сөзіне сүйенсек, директор «мұғалім ретінде қызметте жүр, сонымен қатар мектепті іштей басқарып отыр». Осының әсерінен мектеп ішіндегі мұғалімдер бөлініп, бірліктен кеткен.

«Осы уақытқа дейін облыстық білім басқармасы, аудит, еңбек инспекциясы тексеріс жүргізді. Олардың шешімдері бар. Директор орнынан кетті, бірақ міндетін атқарушы басқарып отыр», - дейді мектеп мұғалімінің бірі.

Мұғалімдер, мектепке қатысты еш наразылықтары жоқтығын «тек қана негізсіз тірлікке жұмсайтын директордың іс жүзінде орнынан кеткенін» қалайды.

Арыз жазған 18 мұғалім директордың негізсіз жұмысқа салуымен күресіп келеміз дейді. Бірақ, соңғы уақытта бұл күрестеріне қарсы қысым көрсетіле бастаған. Қарсы тараптың сөзінше, наразылық білдірген видео, материалдарының барлығы әлеуметтік желіден белгісіз себептермен өшіріліп жатыр.

ДИРЕКТОРДЫ ҚОЛДАЙТЫНДАР НЕ ДЕЙДІ

Десе де желіде директорды қолдайтындар облыс әкіміне үндеу жолдаған.

«Мектеп директоры Роллан Тілеухановтың жұмыстан өз еркімен кету туралы өтінішін қолдамаймыз. Директорлықта қалуын сұраймыз. Роллан Рымханұлы, білікті басшы, білімді ұстаз. Мектептің көркеюіне, білім сапасының артуына зор үлес қосқан ұстаз. Ол басшылық еткен уақытта ұстаздар мен оқушылар облыстық, республикалық сайыстың жеңімпазы атанды. Облыста білім сапасы көрсеткіші екінші орында. ҰБТ-да түлектердің 80% жоғары оқу орындарының грант иелері», - дейді бір топ мұғалім.

Олардың айтуынша, мектептің 18 мұғалімі директордың үстінен негізсіз шағым жазған. Мұны олар қысым деп есептейді. Директор қайтпаса «оқу процесін тоқтатамыз» дейді олар.

БАСҚАРМАНЫҢ ЖАУАБЫ

Ulysmedia.kz порталы Абай облысының білім басқармасына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұраған.

«Мектептегі оқу-тәрбие процесінде орын алған олқылықтарға байланысты тиісті тексеріс жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемесіне жаңа басшы тағайындау мақсатында конкурс жарияланады. Білім беру мекемесіндегі ахуал Білім басқармасының бақылауында» деді басқарма.

Білім басқармасы оқу үрдісі тоқтамағанын хабарлайды. «Бүгінде мектептегі оқу үдерісі бекітілген оқу жоспарларына сәйкес қалыпты жағдайда жалғасуда. Оқу сапасына және тәрбиелік жұмыстардың ұйымдастырылуына ешқандай кедергі жоқ» деді Абай облысы білім басқармасы.

Авторы Ділназ Бишер