Балаларды өрттен құтқарған оқушыға су жаңа көлік тарту етілді

Алдаберген Кемпірбаев

Қостанайда балаларды өрттен құтқарған Олег Пирог есімді батыр жеткіншекке отандық Chevrolet Nexia автокөлігінің кілті табысталды деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл туралы өңір жетекшісі өзінің инстаграм-парақшасында жазды.

Фото: Қостанай облысы әкімінің жеке парақшасынан

Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ, Олегке Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табысталғанын жеткізді. Ал оның анасы Валентина Пирог ҚР ТЖМ алғыс хатымен марапатталып отыр.

«Осындай жас кезіңде сен нағыз ерлік жасадың, қайғыға батқан балаларға батылдықпен және ойланбастан көмекке келдің, үлкен қасіреттің алдын алдың», - дейді мемлекет басшысы алғыс хатында.

Еске сала кетсек, өрт салдарынан баспанасынан айырылған Өмірзақовтар отбасына Қостанай қаласынан 3 бөлмелі пәтердің кілті берілді.