Алматыда Меладзенің концертіндегі жанжалдан кейін бір әйел қамауға алынды

Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда полиция Валерий Меладзенің концерті кезінде жанжал шығарған әйелдерді анықтады. Олардың бірі бес тәулікке қамалса, екіншісіне айыппұл салынды. Үшінші әйелге қатысты іс сотқа жолданды. Сондай-ақ концерттің өтпей қалғаны туралы ақпарат таратқан әлеуметтік желі қолданушысы да жазаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Полиция мәліметінше, жанжалға үш әйел қатысқан. Олардың екеуі Алматы облысынан келген. Сот көрермендердің бірін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Ал екінші әйелге қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін айыппұл салынған.

Үшінші әйел Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары сотқа жолданған.

Концертте не болды?

Еске салайық, жанжал Валерий Меладзенің Almaty Arena кешеніндегі концерті кезінде болған.

Куәгерлердің айтуынша, концерт аяқталар тұста бірнеше әйел артқы қатарлардан сахнаға жақындауға тырысқан. Олар алдарындағы көрермендерді ығыстырып, жол ашпақ болған. Салдарынан әйелдер арасында сөзге келіспеушілік туындап, айқай-шу мен итеріс басталған.

Болып жатқан жағдайды Меладзенің өзі де байқап қалған. Әнші өнер көрсетуін уақытша тоқтатып, жанжалға қатысты пікір білдірген.

«Міне, концерттің де шырқын бұздық. Негізі, осымен концерт аяқталды», – деді ол сахнадан.

Қауіпсіздік қызметкерлері араласқаннан кейін жанжалға қатысқан әйелдер залдан шығарылған. Ал Меладзе қайтадан микрофонға оралып, әнін соңына дейін орындаған.

Жалған ақпарат таратқан адамға да айыппұл салынды

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Меладзенің концерті жанжал салдарынан тоқтап қалғаны туралы ақпарат тараған.

Алайда полиция бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары ақпарат жариялаған Instagram-парақшасының иесін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оған айыппұл салынды.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.