Қызыл кітаптағы қызғалдақты терген шымкенттік әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Аян Өрібай

Түркістан облысында полицейлер Ордабасы ауданындағы алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабы (өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін жою) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады. Полиция табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын анықтау үшін рейдтер мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ алқаптарға  ескерту тақтайшалары орнатылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде тәртіп сақшылары Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салады, – деп жауап берді редакцияға Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Түркістан облысы Ордабасы ауданында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты терген әйелдің видеосы бұдан бұрын желіге тарап кеткен еді. Видео halyqstan телеграм арнасында жарияланды. Видеода әйел адам Қызыл кітаптағы гүлдерді кесіп, көлігіне салып жатқаны көрсетілген. БАҚ мәліметінше, видео осы жексенбіде түсірілген.