Қызылорда қаласындағы жеке меншік "Жас ұрпақ" коррекциялық орталығында тәрбиешінің аутизмге шалдыққан балаға қол көтерген. Бүлдіршіннің анасының айтуынша, тәрбиеші баланы ұрып-соғып қана қоймай, оны дұрыс тамақтандырмаған. Өзге де ата-аналар балаларымыз денелері көгеріп, жараланып келеді деп шағымдануда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВИДЕОДАҒЫ СҰМДЫҚ ЖАҒДАЙ
Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада түскі уақытта тәрбиешілердің еденде демалып жатқаны көрінеді. Сол сәтте бес жасар Әлихан Аманбай мазасызданып қозғала бастағанда, тәрбиеші оны ашуланып көтеріп алып жерге тастайды. Әлиханның анасы Ұлболсын Мүслім тәрбиешінің баланы ұрып, мұрнын қанатқанын және оған ешқандай көмек көрсетпегенін айтты.
- Камерадан баламды қалай жерге лақтырғанын, артынан тағы ұрғанын көрдім. Мұрыны қанап жатыр, ал тәрбиешілер ұйықтап жатыр. Қан миға кетсе, өліп кетуі де мүмкін еді, дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ұлболсын Мүслім Информбюро31-ге.
БАСҚА АТА-АНАЛАРДЫҢ ШАҒЫМЫ
Оқиға жария болғаннан кейін басқа ата-аналар да полицияға шағым түсірді. Олардың сөзінше, ерекше күтімді қажет ететін балалар балабақшадан денесі көгеріп, жарақатпен оралатын болған.
- Баламның бірде білегі, бірде жамбасы көгеріп келетін. Тәрбиешілер 'өзі құлады' деп ақталатын. Бірақ енді сенбейміз. Балаларымыз тамақты да дұрыс ішпей келеді, дейді Динара Қалиева.
БАЛАБАҚША ЖАУАБЫ
Ата-аналар балалардың дұрыс тамақтанбайтынын да видеодан көрген. Сегіз балаға бар болғаны үш тарелка қойылған, ал тәрбиешілер телефонға үңіліп отырған.
Балабақша меңгерушісі Раушан Пірімжанова 5 жасар балаға күш қолданылғанын мойындады, бірақ ас мәзірінің талапқа сай екенін айтты.
- Бұл жағдай бірінші рет болды. Біз бәрін органдарға көрсеттік. Видеода ас үйдегі сәттің толық көрсетілуіне свет өшуі кедергі болды, дейді "Жас ұрпақ" коррекциялық орталығының меңгерушісі Раушан Пірімжанова.
ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Әлиханға күш көрсеткен тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылған. Қазір полиция "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.