Алматы облысында оқушы бірнеше баланы қатарға тұрғызып, аяусыз ұрған

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Алматы облысында оқушы қалған оқушыларды қатарға тұрғызып, шетінен ұрып-соғып жатқан видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Әлеуметтік желіде тараған видеода бір оқушы қалған балаларды қатар тұрғызып, біреуін кеудесінен, біреуін бетінен, енді біреуін аяусыз ұрып жатқаны көрсетіледі. Видеодағы оқушы былапыт сөздерді де айтады. 

Оқиға Іле ауданы, Қараой ауылындағы №49 мектепте болған. Мониторинг барысында оқушыларының тәртіптік мінез-құлқына байланысты құқық бұзушылық фактісі анықталды.

БЫЛТЫР БОЛҒАН ОҚИҒА

Бұл жайтқа қатысты жергілікті білім басқармасы пікір білдірді. Алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижесінде оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында болғаны, ал құқық бұзушылыққа жол берген оқушы 2025 жылдың наурыз айында басқа мектепке ауыстырылғаны белгілі болды.

Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тексеру іс-шаралары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ жүйелі сипаттағы бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында мониторинг жүргізілуде.

ТЕКСЕРІС

Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға қатысқан оқушылармен қатар, тәрбиелік жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және жоғары тұрған органдарды уақытылы хабардар етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатын болады.