Түркістан облысында оқушы өзіне қол жұмсамақ болды: әкесі мұғалімді кінәлап отыр

Сымбат Сатыбалдина
ЖИ / ulysmedia.kz

Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Дәрі ішіп алған жасөспірімді дәрігерлер аман алып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Otyrar.kz мәліметінше, жасөспірімнің әкесі, Дилшод Ибрагимов бұл жағдайға мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімін кінәлап отыр. Оның айтуынша, мұғалім баласын бүкіл сыныптың көзінше қорлаған. Қазір мектепте ішкі тексеріс басталды, ал полиция «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Оқиға 30 сәуір күні күндіз болған. Дилшод Ибрагимовтің сөзінше, мұның алдында мектепте тарих пәнінің мұғалімі сабаққа қатыспаған сәтті біреу видеоға түсірген. Сол әрекетті оның ұлы жасады деген күдік туған. Орыс тілі пәнінің мұғалімі сабақ үстінде оқушыға талап қойған. Әкесінің айтуынша, баласы әділетсіз айыптауға шыдамай, дәрі ішіп қойған.

– 30 сәуір күні ұлым мектептен келіп, үйден шықпай қойды. Бөлмесіне кірсем, жылап отыр екен. Ол маған орыс тілі пәнінің мұғалімі Зухраның бүкіл сыныптың көзінше: “Неге видеоға түсіріп жүрсің? Бұл жігітке тән іс емес, сен жігіт емессің” дегенін айтты. Ұлымды жұбатуға тырыстым, бірақ ол: “Әке, мен дәрі ішіп қойдым” деді, – дейді оқушының әкесі Дилшод Ибрагимов.

БАЛА УЛАНҒАН

Әкесі баласын бірден жеке көлігімен ауруханаға жеткізген. Жасөспірім есінен танып бара жатқан. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, асқазанын жуып, "улану" диагнозын қойған. Әкесінің айтуынша, осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігінен ешкім баланың жағдайын сұрамаған.

– Осы жағдайдан кейін ұлым мүлде сөйлеспей кетті. Үнемі жанында болуға тырысамын, тағы да қайталай ма деп қорқамын. Бірнеше күннен бері мектепке бармай жүр – қорқады. Құдай сақтасын, сыныптастары не мұғалімдер бірдеңе айтып қалар деп уайымдайды, – дейді Дилшод Ибрагимов.

МЕКТЕП ӘКІМШІЛІГІ НЕ ДЕЙДІ

Мектеп әкімшілігі оқушының үздік оқитынын айтты. Ал орыс тілі пәнінің мұғалімі ешқандай балағат сөз айтпағанын мәлімдеді.

Бірақ оқушының сыныптастары мұғалімнің мұндай сөздер айтқанын растаған. Мектеп әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады.

– Мен осы уақытқа дейін еңбек демалысында болдым, бүгін ғана жұмысқа шықтым. Қазір бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерінен түсініктеме алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушыға бағытталған ауыр сөздер болмаған, – дейді №47 мектептің директоры Айбек Юсуфалиев.

Директор кінәлі қызметкерлер анықталса, тиісті шара қолданылатынын жеткізді. Осы уақытта Сайрам аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабымен іс қозғады.