13 мамыр күні Ақтөбе қалалық сотында Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваның ісі қарала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
“МОЙ ГОРОД” мәліметінше, Іс әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша — ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамауы дерегімен қаралды. Әкімнің түсіндіруінше, гүлдерді олар табиғат аясында демалып жатқан кезде оның балалары үзіп алған. Ал өзі сол сәтте тек суретке түскен.
КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ
Сот барысында Ләззат Бердібаева кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, полицейлердің хаттамасында отбасы табиғатта 21 сәуірде болған деп жазылғанымен, шын мәнінде олар 19 сәуір, демалыс күні барған.
Олар аудан орталығына жақын маңдағы жол бойында демалған. Жанында 6 және 8 жастағы балалары болған. Қыздары шамамен 15 гүл үзіп, анасына сыйлаған. Хаттамада анасы балаларын гүлдерді үзбеу керек екенін ескертпегені және олардың Қызыл кітапқа енгені туралы айтпағаны көрсетілген. Алайда әкімнің айтуынша, ол бұл ақпаратты балаларға түсіндірген.
САРАПТАМА ЖАСАЛМАҒАН
Сотта гүлдерге қатысты сараптама жасалмағаны белгілі болды. Яғни олардың сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне кіретін-кірмейтінін мамандар анықтамаған.
– Балалар дастархан жайып жатқанымда, 5–7 минуттың ішінде гүлдерді үзіп алып келген. Мен олармен суретке түсіп, оны WhatsApp статусыма салдым. Балалардың табиғатқа зиян тигізу ниеті болған жоқ, олар тек мені қуантуға тырысты. Бірақ мен оларға гүлдерді үзуге болмайтынын айттым. Демалған аумақ ерекше қорғалатын аймаққа жатпайды, сол жерде мал жайылып жүрді. Балаларым өте жауапкершілікті, мектептен берілген мінездемелері бар. Өзім мемлекеттік қызметте 18 жылдан бері жұмыс істеймін, заңды ешқашан бұзған емеспін. Әлеуметтік желідегі пікірлер маған қатты қысым көрсетті, бұл денсаулығыма әсер етті. Адамдар мені ғана емес, балаларымды да тілдеді. Мен тарапымнан ата-аналық міндеттерді орындамау фактісі болған жоқ. Сондықтан мені әкімшілік жауапкершілікке тартпауды сұраймын, – деді Ләззат Бердібаева сотта.
Ол сотқа ауыл тұрғындарының және ақсақалдар кеңесінің хатын ұсынды. Онда мемлекеттік қызметшінің жұмысына оң баға беріліп, әкім болып тағайындалғалы бері ауылда жағдайдың жақсарғаны айтылған.
Сотқа шақырылған орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясының өкілі Артур Кантарбаев олардың мекемесі өсімдіктерді зерттемейтінін түсіндірді. Бұл — ғылыми мекемелердің құзырындағы жұмыс. Батыс аймақта Шренк және Кауфман қызғалдағы өсетіні белгілі, ал Мүгалжар ауданындағы өсімдіктер туралы нақты мәлімет жоқ. Суреттегі гүлдің нақты қандай түр екенін тек ғылыми институт мамандары ғана анықтай алады, бірақ ол үшін тірі өсімдіктер қажет.
Барлық тарапты тыңдаған соң, судья істі қарауды 15 мамырға қалдырды.