Павлодар облысындағы дауылдан бір адам көз жұмып, 16 адам зардап шекті

Сырым Қаржас
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен дауылды жел тіркелді. Табиғат апаты инфрақұрылымға едәуір залал келтіріп, электр қуатының өшуіне себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.

ДАУЫЛ

2025 жылғы 19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен дауылды жел тіркелді. Табиғат апаты инфрақұрылымға едәуір залал келтіріп, электр қуатының өшуіне себеп болды.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 16 адам зардап шеккен, олардың үшеуі – бала. Бір адам көз жұмды – Ақсуда 1968 жылы туған әйел қайтыс болған.

Облыс орталығында 47 нысанның шатыры бүлінген, олардың ішінде алтауы – әлеуметтік мекеме. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан зардап шексе, Баянауыл ауданында жеті нысан, сондай-ақ Май мен Павлодар аудандарындағы бірқатар ғимараттар зақымданған.

ТҰРҒЫНДАР ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫР

Облыс қалалары мен аудандарында электр жарығы өшіп қалған. Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданы әлі де жарықсыз отыр.

Аймақта табиғат апатының салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы бригадалар байланыс және электр желілерінің 16 тіреуін қалпына келтіріп жатыр. 300-ден астам адам мен 103 арнайы техника жұмылдырылған.