Алматылық зейнеткер төрт санды айтамын деп, бар мүлкінен айрылған

Сырым Қаржас
Фото: КТК

Алматыда 68 жастағы зейнеткер Светлана Суходольская алаяқтардың құрбаны болып, екі пәтерінен айырылып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

КТК мәліметінше, белгісіз адамдар «коммуналдық қызметтенбіз» деп хабарласып, есептеуіш құралдарды тіркеу үшін 1414-тен келген кодты айтуын сұраған. Кейуана күмәнданбастан кодты айтып береді.

— Маған 30 мамыр кешке бір қыз хабарласты. «Қалада электр есептегіштерді ауыстырып жатырмыз» деді. Жеке сәйкестендіру нөмірімді сұрады. Кейін «1414-тен код келеді, соны айтып жіберіңіз» деді. Ол зейнеткерлерге тегін қызмет көрсету үшін керек екенін айтты. Мен сеніп, бәрін айтып бердім, — дейді Светлана Суходольская.

БІРНЕШЕ “ҚЫЗМЕТКЕР” ХАБАРЛАСҚАН

Арада 20 минут өткен соң зейнеткерге ХҚКО атынан тағы қоңырау келіп, деректері бұзылып, электрондық қолтаңбасы ұрланғаны айтылады. Қауіпсіздік үшін арнайы өтініш жіберетіндерін айтып, оны толтырып қайта жіберуін сұрайды. Осыдан кейін өзін «Ұлттық қауіпсіздік комитеті», «Ұлттық банк», «Қаржылық бақылау департаменті» қызметкеріміз деп таныстырғандар кезекпен хабарласып, әйелге қысым жасайды.

Олар пәтерлерін дереу сату керектігін айтып, «бұл алдын ала сақтық шарасы» деп түсіндіреді. Зейнеткер сол күні екі пәтерін сатып, 45 миллион теңгені қолына алады.

ТАҒЫ БІР АЛАЯҚ

Осыдан соң тағы бір алаяқ бейнеқоңырау шалып, өзін «ҰҚК қызметкерімін» деп таныстырады. Елтаңба фонын қойып, костюм киіп, сендіреді. Әйелге «ақшаны инкассаторға беріңіз, оны қауіпсіздік шотына аударамыз, кейін пәтерлеріңізді қайта аласыз» деп уәде етеді. Зейнеткер бар қаражатты қолма-қол ұстатады.

Кейінірек өзін «Ұлттық банк қызметкерімін» деген тағы бір адам хабарласып, «алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін, соны алдын алу үшін өзіңіз несие алып, лимитті жабыңыз» деп кеңес береді. Зейнеткер банкке барып, несие алмақ болады, бірақ өтініші мақұлданбайды. Сол сәтте ғана өзінің алаяқтарға алданып қалғанын түсінеді.

“НЕ ІСТЕГЕНІМДІ ӨЗІМ ТҮСІНБЕЙ ҚАЛДЫМ”

— Кейін олар пәтерді қайта сатып алып, менің атымнан рәсімдеуді тоқтатты. Сол кезде ғана өзімнің алаяқтардың құрбаны болғанымды ұқтым. Бұл бір психологиялық қысым секілді, мүмкін гипноз да болған шығар. Сау басыммен не істегенімді түсінбей қалдым. Олар не айтса, соның бәрін жасай беріппін, — дейді Светлана Суходольская.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Қазір бұл іске қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Екі пәтерге де сот шешімі шыққанға дейін тыйым салынған. Тергеушілер барлық байланыс нөмірлері мен құжаттарды зерттеп, істі жан-жақты қарап жатыр.

— Медеу аудандық полиция басқармасы аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергеп жатыр. Бір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қалған күдіктілерді анықтап, ұстауға бағытталған кешенді шаралар жүріп жатыр. Олар міндетті түрде жауапқа тартылады, дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.