Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны үйі суға кетіп, үкіметтен алған үйге ай сайын 15 мыңнан төлеп отыр. Бұл туралы ол Ұлысмедианың "Ауылға жол" жобасында айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұлысмедианың “Ауылға жол” атты жобасы Ақтөбе облысында. Бұл жолы үйі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғын жанайқайын жеткізді.
- Бұл үйді 30 желтоқсанда алдым. Айына сатырлатып 15 мыңнан төлеп отырмын. Маған да оңай емес. Төрт баламның аузынан жырып, үкіметке төлеп отырмын, дейді тұрғын.
Ол жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылса дейді.
- Осы жердегі әйел адамдарды жұмысқа алса екен. Мына жерде мектеп салынады деді. Еден жусам да жұмыс алсын деп едім, қарастырамыз деді. Сосын үйдің төбесінен су ағып тұрады. Маған қиын, жолдасым жоқ. Жұмыс сұрасам Ақтөбеге барып, оқу оқып келуіңіз керек дейді. Балаларымды тастап қалай кетіп қаламын? Өзім қазақ тілінің мұғалімімін, дейді тұрғын.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы Талдысай ауылының тұрғындары "Ауылға жол" жобасында Қазақстанда ауылдың ішінде мал жүрсе 40 мың теңге айыппұл салынып жатқанын айтқан еді.