Астанада 73,5 миллион теңге пара беру ісі бойынша үкім шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 73,5 миллион теңге көлеміндегі пара ісіне қатысты үкім жарияланды. Сот үш адамды Ж., К. және О.-ны кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ІСТІҢ МӘНІ

2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында ЖШС құрылтайшысы К. мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу үшін делдал О. арқылы республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының директоры Ж.-ға пара берген. Жалпы талап етілген сома 73,5 миллион теңге. Соның ішінде 12,2 миллионы нақты берілген.

СОТТА НЕ АЙТЫЛДЫ

Айыптаушы тарап күдіктілердің кінәсін К.-ның өзі берген жауаптармен, куәгерлердің сөздерімен және сараптама қорытындыларымен дәлелдеді. Прокурор айыптауды қолдады. Ал айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ, қорғаушылар оларды ақтауды сұрады.

СОТ ҮКІМІ

Сот әр айыпталушыға бөлек жаза тағайындады:

Ж. – 11 жылға бас бостандығынан айырылды (аса ірі көлемде пара алу);

К. – 8 жылға сотталды (пара беру);

О. – 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды (делдалдық жасау).

Барлық сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Олардың жазасын жеңілдететін жағдай ретінде — кәмелетке толмаған балаларының бары ескерілді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.