Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин демалыс кезінде өз-өзіне қол жұмсамақ болғаннан кейін ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылының 47 жастағы әкімі Қанат Дәулеталин еңбек демалысы кезінде суицид жасауға әрекеттенген. Оқиға 7 шілде күні болған. Қазіргі уақытта ол Алға аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалауда.
ӘКІМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Дәулеталин бұл қызметті 2016 жылдан бері атқарып келеді. Ол осы ауылдың тумасы, отбасылы, үш баласы бар. Әкімнің еңбек демалысы 30 маусымнан 22 шілдеге дейінгі аралықты қамтиды.
ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның ауруханаға жеткізілгенін және ол жалпы палатада жатқанын нақтылады. Алайда оның диагнозы мен оқиғаның жай-жапсары ресми түрде жарияланбаған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Ақтөбе облыстық полиция департаменті де әкімнің өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін растады. Ведомство бұл жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.