Жаңаөзен тұрғындары жарықтың өшуіне байланысты көшеге шығып, жолды жауып тастады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Жаңаөзен кәсіпкерлері сауда нүктелеріндегі электр қуатының апаттық жағдайда өшуіне байланысты бейберекет пикетке шығып, жолды жапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

16 шілдеде Жаңаөзенде наразылық болды. Кәсіпкерлер «Шаңырақ» шағынауданы аумағындағы жолды жапты. Халық «Шаңырақ» базары мен «Заңғар» сауда үйінде электр қуатының кенет өшуіне наразы болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Акцияға қатысушылардың айтуынша, жарық жұмыс күні қызған сәтте өшіп, сауда-саттықты тұралатып, бизнеске елеулі залал келтірген. Жергілікті биліктің назарын аударту үшін адамдар көшеге шыққан.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Жаңаөзен қаласының әкімдігі оқиғаға жедел түсініктеме берді. Ресми хабарламада электр қуатының өшуі «Қалалық» қосалқы станциясындағы №20 ұяшықтың істен шығуына байланысты болғаны айтылған.

- 16 шілдеде 110/6 кВ «Қалалық» қосалқы станциясындағы №20 ұяшықтың апаттық жағдайда ажыратылуына байланысты «Шаңырақ» шағынауданындағы және Абай көшесіндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарға, оның ішінде «Заңғар» сауда үйі мен «Шаңырақ» базарына уақытша электр қуаты өшіп қалды, — деп мәлімдеді әкімдік.

«Өзенэнергосервис» МКК мамандары кабель желісіне тексеру жүргізіп, ақауға қысқа тұйықталу себеп болғанын анықтады.