Орыстардың Ақтөбе облысы Эмба қаласындағы құпия әскери қаласы қаңырап бос тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы жергілікті тұрғындар Ұлыстың “Ауылға жол” жобасында айтып берді.
- Бұрын ешкім кіре алмайтын. Бөтен адамдарға кіруге мүлде мүмкіндік болмайтын. Тіпті жолды білсе де рұқсаты болмаса ешкім кіре алмайтын. Қатал режим болған, дейді жергілікті тұрғын.
ҚЫЗЫҚ ЖЕРЛЕР
Оның сөзінше, кеңес одағынан қалған қызық жерлер бар.
- Әскери гарнизон құпия жер болғаны соншалық айналасында “П” тәріздес лабиринт түріндегі нысандар салынған. Орыстар оны “чешуя” деп атайды. Сырттан келген көліктер сол лабиринтке түсіп қалады. Шамамен бір шақырымнан соң тұйық (тупик) жерге түсіп қалады, дейді тұрғын.
ҚҰПИЯ ӘУЕЖАЙ МЕН ТЕМІРЖОЛ
Жергілікті тұрғын мұндағы ұшақ қонатын жерлер де құпия болғанын айтады.
- Ұшақтар таудың арасына қонады. Сырттан қараса ұшақ жердің ішіне кіріп кеткендей болады. Байқоңырға дейін жасырын теміржол да болған. Бірақ теміржолдың тек жартысына дейін салып үлгерген. Кейін кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін жолды көміп кеткен, дейді тұрғын.
Оның сөзінше, жер астынан техникалар табылған. Оның ішінде танкі, БТР бар. Алайда бәрі темір сатып алатын жерлерге өтіп кеткен көрінеді.