Қызылордада баланы қайнаған сумен күйдірген балабақша ақыры жабылды. Ulysmedia.kz екі ай бойы оқиғаның қалай өрбігенін бақылап, Еркежанның анасымен байланыста болып, қыздың жағдайы туралы ақпарат беріп отырды.
НЕ БОЛҒАН ЕДІ
Бұл қайғылы оқиға қылмыстық іс қозғауға сеп болып, «Сыр болашағы» балабақшасына және тағы бірқатар мектепке дейінгі мекемелерге тексеріс жүргізуге түрткі болды. Облыстық білім басқармасы атышулы балабақшаға мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатты. Біз өз тарапымыздан тергеу жұмыстары балабақшадағы көптеген заңбұзушылықтарға неге тек төтенше жағдайдан кейін ғана назар аударылғанын анықтап, ясли тобын лицензиясыз ашуға жол берген жауапты адамды табады деп үміттенеміз.
Облыстық білім басқармасы «Сыр болашағы» мекемесіне мемлекеттік қаржыны тоқтатқанымен, Еркежанның анасы әлі күнге дейін ешкімнің жазаланбағанын айтады.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 22 мамырда болған. Бір жарым жасар Еркежан денесінің 30-40 пайызы күйік алып, ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Тәрбиешілердің айтуынша, күйікке бала өзінің кесірінен күйіп қалыпты-мыс: Еркежан ыстық су ағып тұрған кранды өзі ашқан дейді балабақшадағылар.
БАЛАБАҚША ЖАБЫЛДЫ
Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып көрді. Балабақшада ешкім болмауы мүмкін, себебі мекеме қақпасы жабық, қоңырауларға жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Алайда ғимаратта бұрынғыдай атауы жазылған маңдайшалар ілулі тұр. Облыстық білім басқармасының түсіндіруінше, кәсіпкермен арадағы келісімшарт бұзылған, мемлекеттік дотация бөлінбейді.
– Біз үшін ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі. Тексеруден кейін мемлекеттік қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазір басқа да жеке балабақшалар тексеріліп жатыр. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін ауқымды профилактикалық шаралар жүргізілуде, – деп түсініктеме берді ведомство өкілдері.
БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ ҮНСІЗ
«Сыр болашағы» балабақшасының меңгерушісі сұхбат беруден бас тартты, бірақ мекеменің жұмыс істемей тұрғанын растады. Балалар басқа балабақшаларға ауыстырылған, ал қызметкерлер жаңа жұмыс іздеуде.
– Біз тағы да ауруханаға жатып қалдық, дәрігерлердің бақылауы қажет. Тергеу жүріп жатыр, бірақ іс қашан сотқа жіберілетіні белгісіз. Мен баламның қандай жағдайда күйіп қалғанын білгім келеді, тәрбиешілердің сөзіне сенбеймін, – дейді Айнұр.
Ал Еркежан емнің келесі кезеңіне дайындалып жатыр. Анасы Айнұр Айдарбекованың айтуынша, жаралары ақырындап болса да жазылып келеді, алда ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.