Түркістан облысында әскери қызметкер оқушыны зорлап, 16 жастағы қыз екіқабат болып қалған

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Түркістан облысында әскери қызметкер оқушыны күштеп төсекке сүйреп, 16 жастағы қыз ана атанды. Құндақтаулы сәбиімен қалған бойжеткен жарты жылдан бері әділдікке жете алмай жүрмін дейді. Сөзінше, құзырлы органға арызданып барғанымен ер адам не жауапқа тартылмай, не қамауға алынбай құтылған. Осыған ашынған жеткіншек өзіне қол салмақ та болыпты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Небәрі 16 жасында ана атаған Түркістан облысының тұрғыны әскери қызметкермен былтыр көктемде таныстым дейді. Сөзінше, әуелі әлеуметтік желіде сөйлескен екеу кейін кездесіп, соңында ер адам пәтерге затын аламын деп ертіп апарған. Содан сұмдықтың бәрі басталды дейді. 

- Күшпен жыныстық қатынас болды. Ешкімге айтпа. Жұмыстан шығарып жібереді. Мен органда істейтін адаммын білесің деп. 15 жасымда көтеремін. Больницаға учетқа тұруға барған кезде РУВД-ны шақырды. Тергеуші айтты дело ашылады деп, - дейді жәбірленуші.

Бірақ, жігіттің жақындары жағдайды ушықтырмауға көндіріп, қызды сырға салып алып кеткен. Алайда, бойжеткен бала көтеріп, 23 жастағы жігіттің айыбы бәрібір ашылыпты. Сөйтіп, тергеу бастала салысымен жүкті келіншекті үйіне әкеліп тастаған. Ал, қозғалды деген іс 5 айдан бері бір орында тұр екен. 

- Олар мені келіндікке ешкімге шағымданбауым үшін алған екен. Тергеу басталысымен керек емес болып қалдым. Ішімдегі баланы жалғыз өзім босандым. Күйем-сүйем деген жігіт ата-анасының сөзінен әрі аса алған жоқ. Қазір құндақтаулы қызыммен анамның үйінде тұруға мәжбүрмін. Полицияға содан бері талай рет арыздандық. Алайда, 5 ай бұрын басталған тергеу бәз баяғы орнында. Мені пәтерге алып барып, арымды таптаған жігіт сырға салғанда әскери қызметімен қоштасқан болатын. Қазір қайда екенін құзырлы органның өзі анықтай алмай жатыр, - дейді жас ана. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

 – Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысымен процессуалдық шешім қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етуге жатпайды, дейді полицейлер.

9-сыныпта әскери қызметкердің күшінен қаша алмадым деген бүгінгі жас ана ер адамның жазасын қалмауын сұрайды. Әділетсіздікке төзбеген ол бұған дейін өзіне қол да салған екен.

Психологиялық соққы алған жасөспірім қазір далаға шығудан қалған. Өмірден түңілгені сонша өзіне қол салмақ та болыпты. Алайда, туыстары араша түсіп аман қалған.