Астанада студент 12 қабаттан құлап мерт болды

Сырым Қаржас
Nazarbayev University

Астанада студент 12 қабаттан құлап мерт болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Астанада Nazarbayev University кампусы аумағында студент қыздың қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлады оқу орнының әкімшілігі. Университет басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Білім ордасының өкілдері оқиға орнында шұғыл қызметтер мен полиция дереу жұмылдырылғанын, сондай-ақ студенттер мен қызметкерлер үшін психологиялық қолдау ұйымдастырылғанын атап өтті.

- Біздің басты назарымыз – қауымдастық мүшелерінің әрқайсысының қауіпсіздігі мен эмоционалдық жағдайы, – делінген мәлімдемеде.

Астана қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 22 жастағы студент қыз жатақхананың 12-қабатынан құлап қаза тапқан. Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Nazarbayev University баспасөз қызметі марқұмның отбасына және достарына қосымша ауыртпалық түсірмеу үшін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.