Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім қамауға алынды

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім 25 күнге қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Х.-ға қатысты қылмыстық теріс қылық бойынша қылмыстық іс аяқталды. 

ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Мұғалімге ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағымен  (ұрып-соғу, тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет) айыпталған.

СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ

Сотталушы мұғалім 2025 жылдың наурыз айында мектеп - лицейде сабақ өткізіп жатқанында, оқушы Ш.-ның кіретін есікті қатты тақылдатқанына ашуланып, бірнеше рет ұрып-соққан. 

ДӘЛЕЛДЕР

Мұғалімнің кінәсі өзінің және оқушының жауаптарымен, оқиға орнында жүргізілген бейне- жазбалармен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.

ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ

Прокурор сотталушыға қамаққа алу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға кешірім бермейтінін және қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы тағылған айыпты мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

БАП БОЙЫНША ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде  кінәсін  толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді. Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

СОТ ҮКІМІ

Сот мұғалімді 109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағымен кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.