Батыс Қазақстандағы ауылда оқушылар тозған ғимаратта білім алуда

Сырым Қаржас

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Бисен округіне қарасты Жетібай ауылындағы Жамбыл атындағы бастауыш мектептің жағдайы күрделі. 1984 жылы салынған ғимарат осы күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

ZTB мәліметінше, мектепте 1–4 сынып аралығындағы 15 бала оқиды. Оларды төрт мұғалім мен бір тәрбиеші оқытып, тәрбиелеуде. Ал оқу орнының жанындағы шағын орталықта тағы 10 бала білім алып жүр. Айта кетерлігі, мектепте директор жоқ, тек меңгеруші ғана бар.

Ауылға газ үш жыл бұрын ғана кіргізілген. Ұстаздар «су бар, жаңа парталар қойылды» деп шүкіршілік еткенімен, кең, жарық әрі таза мектепте қызмет етуді армандайды.

Әр оқу жылы қарсаңында шағын жөндеу жұмыстарын мұғалімдердің өздері қолға алады. Олар әктеп, сырлап, тазалық жасап, ғимаратты ретке келтіруге тырысады. Дегенмен мектептің терезелері ескірген, есіктері дұрыс жабылмайды.

Жергілікті билік шағын жөндеу жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп беріп отыр. Ал ауыл тұрғындары мектептің күрделі жөндеу мәселесі назарға алынып, жақын арада оң шешімін табады деген үмітте.