Атырау облысындағы ауылда ондаған сиыр қырылып қалған

Сырым Қаржас
Видео кадры: КТК

Атырау облысындағы Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары өрістен қырықылған ірі қараның өлексесін жинап әлек. Бір күнде ондаған сиыр қырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мал иелерінің айтуынша, өлекселердің бәрінің іші кеуіп кеткен. Кейбірін сойып көргендер бауырдың жарылғанын, өкпенің қарайып, ішек-қарынның іріп кеткенін айтады. Жергілікті халықтың сөзіне сенсек, қырылу оқиғасы Жем өзенінің арнасын кеңейтіп, шлюз салу жұмыстары басталғаннан кейін күшейген. Өйткені құрылысшылар жерасты суын сыртқа шығаратын сүзгі орнатқан, ал сол суды ішкен мал жаппай қырыла бастаған.

КТК мәліметінше, қазір ветеринарлар судан да, малдан да сынама алып, зертханаға жолдаған. Алдын ала болжам бойынша, улану фактісі болуы мүмкін.

Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы Бекарыс Меңдіқұловтың айтуынша, өлген малдан алынған сынамалар облыстық ветеринария зертханасына жіберілді.

— Онда улануға және аса қауіпті ауруларға қарсы тексеру жүргізіледі. Зерттеу қорытындысы дайын болған соң қосымша ақпарат беріледі, — деді ол.