Алматыда апта бұрын 13 көлікті жарамсыз күйге түсірген көшені нөсер қайтадан шайып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КТК мәліметінше, қатты жауыннан кейін жол тағы да арыққа айналған. Бұған дейін осы жағдай үшін аудан әкімі сөгіс алған еді. Ал бұл жолы қала басшылығы қыркүйек айының соңына дейін зақымданған барлық жолды қалпына келтіруге уәде беріп отыр.
Қаланың уәдесі
Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, нөсерден кейін жауапты мекемелерге дереу тапсырма берілген.
– Сол кезде өзім барып жағдайды көріп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырдым. Қазір Яссауи мен Кекілбай көшелеріндегі траншея қалпына келтіріліп, көлік қозғалысы ашылды. Аманжол көшесіндегі жол 25 қыркүйекке дейін қалпына келеді деп мердігер уәде беріп отыр. Жұмысты жеделдетеміз, – деді ол.
Залал көлемі
Соңғы нөсерден кейін қаланың бірнеше ауданында жолдар бүлініп, кейбір ғимараттарға да зақым келген. Әкімдіктің дерегінше, ақауы бар 93 нысан анықталып, соның 37-сі қалпына келтірілген. Қалғаны айдың соңына дейін жөнделмек.
Жылу маусымына дайындық
Қала басшылығы жылу маусымына дайындық та аяқталуға жақын екенін айтты. Ұзындығы 40 шақырым болатын жылу желісінің 37 шақырымы жаңартылып, қалған жұмыстар қазан айының басына дейін толық бітуі тиіс.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін Ulysmedia тілшісі оқиға орнына барып, жағдайды бақылап көрді.