Қаскелең ауруханасындағы шу: ондаған науқас көмекті көшеде күтуге мәжбүр болған

Видеодан алынған кадр

Қаскелеңдегі рентген кабинетінің алдында 40-қа жуық адам жиналған. Олардың арасында сүйегі сынған және түрлі жарақат алған науқастар да бар. Олар медициналық көмекті далада күтуге мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде тұрғындардың шағымы тарағаннан кейін аурухана басшылығы кезектің пайда болу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Науқастар дәрігерлердің қашан қабылдайтынын сұрағанымен, медицина қызметкерлерінен «Біз де сіздермен бірге күтіп отырмыз» деген жауап естіген.

Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Пікірлерден Қарасай ауданының тұрғындары медициналық көмектің сапасы мен оны алу жағдайына бірнеше айдан бері шағымданып жүргені белгілі болды.

– Ондағы жағдай сұмдық. Анамның сүйегі сынып, осында жолдама берді. Қорқынышты жағдай, анам әзер тұрды, күтуге мәжбүр болдық. Қыста не істейміз? – деп жазды Қаскелең тұрғыны.

Ауруханаға жетудің өзі мұң

Қазір Қарасай аудандық ауруханасында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан науқастарды басқа ғимаратта қабылдайды. Алайда тұрғындар уақытша ғимаратқа кірудің өзі қиынға соғатынын айтады.

– Адамдардың ол жерге қандай жағдайда баруға мәжбүр екенін көрдіңіздер ме? Қарт адамдар әр баспалдақтан зорға көтерілетін биік сатылар бар. Ал мүгедектігі бар адамдарға арналған қалыпты пандустар туралы айтудың өзі артық сияқты! – деп наразылық білдірді Қаскелең тұрғындары.

Пікір қалдырғандар Қарасай ауданында осы уақытқа дейін жаңа аурухана неге салынбағанына да таңданады. Олардың айтуынша, кейінгі жылдары аудан халқы айтарлықтай өскен, ал тұрғындар тар ғимаратта емделуге мәжбүр. Кішкентай балаларымен келгендер де ұзақ уақыт кезек күтетінін айтып шағымданды.

Аурухана жарықтың өшуіне сілтеме жасады

Медициналық мекеме әкімшілігінің түсіндіруінше, дүйсенбі күні науқастар әдеттегіден көп болған. Бұған қоса, электр энергиясының өшуі жағдайды қиындатқан.

– Электр энергиясы қалпына келгеннен кейін кабинет жұмысын қайта бастады. Күтіп отырған барлық науқасқа тағайындалған зерттеулер жүргізілді. Қазір кабинет алдында кезек жоқ, қабылдау қалыпты режимде өтіп жатыр, – деп хабарлады аурухана әкімшілігі.

Әкімшіліктің мәліметінше, рентген кабинеті 40 минут жұмыс істемеген.

Ал уақытша ғимараттағы науқастарды қабылдау жағдайына қатысты тұрғындардың шағымына аурухана басшылығы жауап бермеген.

Сізге қызық болуы мүмкін