Қызылордада жеке балабақшаларға бүлдіршіндерді тасымалдауға тыйым салынды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қызылордалық жеке бөбекжай иелеріне енді бала тасымалын ұйымдастыруға заңмен тыйым салынды. Бұл шешімнің қабылдануына аймақта соңғы айларда  бүлдіршіндердің қатысуымен орын алған жол - көлік оқиғалары себеп болып отыр.  Салаға жауапты мамандар арнайы брифинг өткізді, алайда маңызды жиын туралы тәуелсіз журналистерге хабар берілмеді. Шенеуніктердің “ыңғайсыз” сұрақ қоятын тілшілермен не себепті кездеспегені түсініксіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘСЕЛЕНІҢ МӘН - ЖАЙЫ

Қазір Қызылорда облысында бала қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әсіресе, жеке балабақшалардағы жағдай жиі тексеріліп, талапқа сай келмейтіндер мемлекеттік қаржыландырудан қағылып отыр. Өкінішке орай, профилактикалық шараларға қарамастан балалардың қатысумен орын алатын оқыс оқиғалар азаяр емес. Соңғы бірнеше айдың ішінде аймақта жеке балабақша тасымал көліктерінің жол апатына ұшырауының екі жағдайы тіркелді. Көлік соқтығысынан екі бүлдіршіннің денсаулығына айтарлықтай зиян келді. Белгілі болғандай, екі жағдайда да балабақшаға тиесілі автокөліктерге бүлдіршіндер шамадан тыс мінгізіліп, заң талаптары бұзылған. Осыдан кейін жауапты басшылар жеке кәсіпкерлерге талаптың күшейетінін ескертуде. 

- Мақсат – біреудің жұмысын тоқтату емес, ең алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңға бағынбайтын мекемелерге ескерту берілді. Талап орындалмаса, мемлекеттік тапсырыс берілмейді, - деп мәлімдеді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет. 

КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ 

Білгеніміздей, қазір облыстық білім басқармасы мен облыстық полиция департаменті бірлесіп, оқыс жағдайлардың алдын - алуға күш жұмылдырған. Оның ішінде жыл басынан бері «Балабақша» бағытындағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді екен. Тек соңғы іс-шара барысында 265 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 28 көлік айып алаңына қойылып, 23 көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленген. Сонымен қатар, облыс бойынша балаларды тасымалдаумен айналысатын 83 көлік құралының 61-і тексеріліп, техникалық жай-күйіне байланысты 29 әкімшілік шара қолданылған. 

- ҚР ережесіне сай, баланы тек 7 жастан асқан соң ғана көлікпен тасымалдауға рұқсат. Балабақшалардың бүлдіршіндерді тасымалдауы - заңсыз, - деді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов. Осылайша, енді бөбекжай иелеріне бала тасымалдауға рұқсат жоқ.

ЖУРНАЛИСТЕР НЕГЕ РЕНЖУЛІ? 

Бала қауіпсіздігі мәселесі бүгінгі қоғам үшін расымен маңызды тақырып. Сала мамандарының қатысуымен өткен брифинг Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жүргізілген. Аталмыш мекеме тәуелсіз журналистерге басқосу туралы хабарламай, тек мемлекеттік саясатты насихаттап жүрген БАҚ қызметкерлерін шақырған. Өздерінің ресми парақшаларында да тек спикерлердің ғана суретін жариялапты.

- Қызылордада балалардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселе көтерілген брифинг өтті дейді. Облыс әкімінің орынбасары, полиция департаменті мен білім басқармасы басшылары қатысқан. Бірақ бір сұрақ мазалайды: неге журналистер шақырылмады?

Мәселе – жай ғана статистика емес, соңғы айларда екі балабақшаға байланысты жол апаты болды. Қоғам алаңдаулы, ата-аналарда мың сұрақ бар. Бірақ баспасөз конференциясы үн-түнсіз өтіп, журналистердің өткір сауал қоюына мүмкіндік берілмеген сыңайлы, - дейді қызылордалық тәуелсіз журналист Айгерім Рахымжанова.

Тілшілер қауымының алдында Өңірлік коммуникация қызметкерлері реті келгенше ақталуға тырысты. 

- Бұл ақпарат алаңында ұйымдастырылған іс-шараның форматы брифинг емес, облыс көлеміндегі бала тасымалына (балабақша) қатысты соңғы кездері орын алған жағдайларға байланысты ресми түсіндірме беру. Аталған мәселеге қатысты тиісті сала басшылары түсіндірме берді. Республикалық және жергілікті БАҚ-қа ақпараты таратылып, баспасөз парағы ұсынылды. Білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздік мәселесі басты назарда, - деді жауаптылар. 

Алайда, аталмыш брифинг жайлы жергілікті телеарнадан көрсетілген сюжетте шенеуніктердің түсіндірме емес, журналистерге ақпарат бергенін аңғару қиын емес.