Алматыда Баума тоғайында 10 мыңнан астам ағашты санитарлық кесу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОБА ЖАЙЛЫ
Жасыл аймақты сақтау және қалпына келтіру жобасы аясында Баума тоғайында ауқымды санитарлық кесу жүргізілмек. Жоспар бойынша 10 мыңнан астам ағаш кесіліп, орнына жаңа көшеттер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жасалады.
Жоба Ұлттық экологиялық деректер банкі сайтында жарияланды. Мамандардың түсіндіруінше, санитарлық тазарту барысында ескі, ауру және зақымданған ағаштар алынып тасталады. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, бұл – аурулардың таралуының алдын алу және тоғайды кейін жаңарту үшін қажет шара.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ
– Ең көп таралған аурулардың бірі – некроз немесе өсімдік тіндері мен мүшелерінің өлуі. Бұл жапырақтарда, жемістерде, бұтақтарда дақтардың пайда болуына, жапырақтардың қурап, сарғаюына, өркендер, гүлдер мен жемістердің күйіп кетуіне, дің мен бұтақтарда рак ауруының пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ дің шірігі мен кейбір жапырақты емен ағаштарында ұнтақты зең кездеседі. Ең көп зақымданатындары – жасы ұлғайған жапырақты шынар мен емен ағаштары. Бұл топтағы екпелердің қартайғаны аурулар мен зиянкестердің таралуына ықпал етеді, – делінген жобада.
ОРНЫНА НЕ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Кесілген ағаштардың орнына тоғайға жаңа түрлерді қоса отырып, жоғары сәндік және экологиялық құндылығы бар көшеттер отырғызу жоспарланып отыр.