Жамбылда 22 жастағы жігіт оқушыларды үрейде ұстаған

Сырым Қаржас
Видео кадры

Жамбыл облысында оқушыларға қысым көрсетіп, үрейде ұстаған 22 жастағы ауыл тұрғыны қамауға алынды. Ол 10-сынып оқушысын өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мектептегі «түрме заңы»

Информбюро31 мәліметінше, прокурорлардың қайта тергеуі барысында ауыл жастары арасында жазылмаған «түрме заңы» үстемдік еткені анықталды. Тастөбе ауылында қылмыс әлемін дәріптеу қалыпты жағдайға айналғаны белгілі болды. Басты күдікті – ауыл мұғалімінің ұлы.

Оның сыбайластары ретінде 10-шы және 11-ші сыныптың екі оқушысы ұсталған. Тергеу дерегінше, олар қатарластарын әлімжеттікпен үй салуға мәжбүрлеп, қарсы шыққандарды ұрып-соғып отырған.

Суицидке жеткізген бейқамдық

Бұл жағдайдан хабардар болған учаскелік полицей мен мектеп әкімшілігі әрекетсіз қалған. Соның салдарынан қорлыққа шыдамаған бір жеткіншек сәуір айында өз-өзіне қол жұмсады. Бұл іс тұрмыстық жағдай деп жылы жабылған еді. Тек мектеп психологы ғана жауапты деп танылып, жұмыстан босатылған. Ал учаскелік полицей мен мектеп директоры уақытша қызметінен шеттетіліп, жаңа оқу жылы басталғанда жұмысқа қайта оралған.

Тергеу қорытындысы

Жамбыл облыстық прокуратурасының мәліметінше, 22 жастағы күдікті екі айға қамауға алынды. Сонымен қатар, қылмысқа көмектескен екі оқушы да күдікті деп танылып отыр. Қазіргі таңда үш адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.