Алматы әкімдігі қалада жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
8 қазаннан бастап жылу әлеуметтік нысандарға беріледі. Ал тұрғын үйлерді жылыту жүйесіне қосу жұмыстары 10 қазаннан басталады. Үйлерге жылу берілген соң пәтер иелерінің кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі мамандары ішкі жылыту жүйелерін реттеп, радиаторлар мен тұрбалардан ауаны шығарып, қысымды қалыпқа келтіріп, пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.
– Мүмкін болатын ақауларға жедел әрекет ету үшін материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры жасақталды. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында тәулік бойы 16 апаттық және жөндеу бригадасы – барлығы 220 маман мен 56 техника кезекшілік атқарады, – деп хабарлады әкімдік.